Қазақстан әскері үшін әскери байланысшыларды қайда даярлайды?

7 Тамыз 2022, 17:44
1659
Бөлісу:
Қазақстан әскері үшін әскери байланысшыларды қайда даярлайды?

Әскери байланысшылар тәулік бойы Қарулы күштерді соңғы үлгідегі тиімді әрі сапалы байланыспен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олар қару-жарақ пен әскерді басқару жүйесінің сапалы болғанын қолдайды. Байланыс тораптары мен техникалық жабдықтардың жарамсыздығын үнемі бақылап отырады. Қазіргі заманғы байланыс әскерлері туралы бізге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Байланыс департаментінің аға офицері Нұрлан Қалманов айтып берді. 

  • Әңгімеміздің әлқисасын Қазақстан Қарулы күштерінің заманауи байланыс әскерлері қандай деген сұрақтан бастасақ?
  • Жақсы, рақмет. Жалпы байланыс ұғымы дегеніміз өзара ақпарат алмасуды білдіреді ғой. Қазіргі күнде байланыссыз өмірімізді тіпті елестету мүмкін емес. Сол сияқты соғыс кезінде де сенімді байланыстың болуы ол жеңістің кепілі. Себебі байланыс ол ең алдымен басқару. Сол сияқты әскери басқару жүйесінде ақпарат алмасуды, әскерлермен қару-жарақпен қамтамасыз ететін әскери байланыс жүйесі құрылған. Оның сапалы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Байланыс әскерлері бар. Байланыс әскерлері Қарулы күштердің құрылымдарын басқару, байланыстың барлық түрлерімен қамтамасыз ету үшін құрылған арнайы әскер болып саналады. Өз құрамында байланыс әскері әскери бөлімдерден байланыс тораптарынан құралған. Бүгінгі күнде бұл әскери бөлімдер заманауи талаптарға сай келетін радио, радиорелелік, тропосфералық, спутниктік соңғы үлгідегі әскери техникалармен жабдықталған.
  • Қазақстан байланыс әскерлерінің тарихына келетін болсақ, тәуелсіз Қазақстанның байланыс әскерлерінің дамуы қалай басталды және олардың кәсіби мерекесі бар ма? 
  • Жалпы Қазақстан тарихында байланыс мәселесі негізгі орын алған үлкен мәселе. Мысалы, қазақ хандығы дәуірінде, Жоңғар шапқыншылығы кезінде де сенімді байланысшылар міндетін ержүрек жаушылар атқарғанын тарихтан білесіздер. Байланыс құралдары ретінде үрмелі аспаптар, дауылпаздар қолданылған, яғни байланыс ұйымдастырылған. Содан кейінгі тарихи кезеңдерде электр пайда болғалы, ақпарат алмасу техникасы қарқынды дами бастады. Алдымен телеграф, кейіннен телефон, радиобайланыс құралдары қолданысқа енді. Өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміз құрылып, армия құрылған жылдан бастап Қарулы күштерде байланыс әскерлері де жабдықталды. Бірінші кезеңдерде кеңес әскерінен мұра болып қалған ескі байланыс жүйесі, әскери техникалар, байланыс бөлімдері болды. Сол жылдары қиын кезеңдерде, осы байланыс әскерлерінің құрылтайшысы, алғашқы бастығы генерал-майор Мүбәрак Орынбеков басқарған байланысшылар, одан кейінгі жылдары байланыс тізгінін ұстаған басшылар және сонымен қатар байланыс сымын үзбей қамтамасыз еткен әскери мамандар, бүгінгі күні олар біздің құрметті ардагерлеріміздің еңбегі орасан зор. Қазіргі таңда біздің әскери байланысшылардың бекітілген кәсіби мерекесі бар. Ол 31 қазан болып бекітілген. 1992 жылы осы күні әскерлердің байланысын басқару органы – Қарулы Күштердің Байланыс департаменті құрылған. Бүгінгі күнде жетістігіміз аз емес. Соның бірі айта кетсем, үш жыл қатарынан халықаралық армия ойындарында «сенімді қабылдау» байқауында біздің әскери қызметшілер үш жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Және сонымен қатар өзіміздің елде өтетін барлық деңгейдегі, халықаралық іс-шаралар болсын, оқу-жаттығулар болсын, әскери байланысшылар өздеріне қойылған тапсырмаларды жоғары деңгейде атқарып жүр.
  • Бәрекелді, қазіргі заманда телекоммуникациялар технологиясы бір орында тұрмайды. Олар үнемі жаңғырып, дамып отыратынын жақсы білесіз. Ал енді осы байланыс әскерлерінің даму перспективалары туралы айтып өтсеңіз
  • Бұл өте маңызды бағыт. Өте күрделі және ауқымды жұмыс. Себебі байланыс сапалы болу үшін бір жағдайда ғана қалып қоймау керек. Қазіргі әлемде ақпарат тарату, телекоммуникация өте жылдам дамып жатқан кезеңде әскери байланыс құралдарының да заманауи талаптарға сай болғаны өте маңызды. Сол себепті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштер Бас штабының басшылығы әскери байланыстың жабдықталуы мен дамуына аса мән беріп, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Оның сапасы мен байланыстың қауіпсіздігіне өте жоғары талаптар қояды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Байланыс департаменті отандық қорғаныс өнеркәсіп мекемелерімен бірге өте ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы барлық бұрынғы ескірген әскери техникалар заманауи талаптарға сай келетін цифрлық технологиялармен жабдықталған байланыс техникаларымен алмастырылды. Оны айта кететін болсам, қазіргі таңда Қарулы күштердің қолданысында цифрлары орта қуатты радиостанциялармен, командалық басқару штаттық машиналары, тропосфералық, радиорелелік станциялар және спутниктік байланыс кешендері қолданыста. Ең жетістігіміз осындай заманауи талаптарға сай келетін әскери техникаларымз өзіміздің отандық компанияларда жасалып шығарылады.
  • Енді тағы бір маңызды сұрақтардың бірі Қазақстан әскері үшін әскери байланысшыларды қайда даярлайсыздар?
  • Әрине бұл өте маңызды сұрақ. Қандай да бір заманауи техникалар болғанымен егер дайындығы, білімі жоғары маман болмаса, ешқандай жетістіктерге жету мүмкін емес. Сол себепті бұл байланыс мамандығы жоғары интеллектуалды, білімді, әрдайым ізденісті талап ететін мамандық. Жалпы әскери байланысшы офицерлерді Алматыда орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік инстиутында дайындайды. Бүгінгі байланыс әскерлеріндегі офицерлер осы институт қабырғасынан шыққан түлектер. Сонымен қатар кіші мамандықтың орны бөлек.  Әрине, кіші мамандар даярлау біздің Алматы облысында орналасқан оқу орталығында дайындалады. Осы оқу орталығы әскер қатарына шақырылған сарбаздарды алты ай ішінде радиостанциялардың бастықтары, редиотелеграфистер, радиомеханиктерді, яғни осы мамандықтар бойынша дайындап шығарады. Бір қуанып айта кететін бір жағдай, бұл оқу орталығында биылдан бастап сарбаздарды екі мамандық бойынша оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Әскер қатарына шақырылған сарбаз әскери мамандықпен қоса, азаматтық салаға да қажет мамандық алып шығады.  Ол дегенміз әскерге шақырылған сарбаз үйіне мамандық алып қайтады деген сөз. Бұл жөнінде тағы бір қоса айтайын дегенім, біздің жоспарымызда Ұлттық қорғаныс универсиетінен байланыс кафедрасын ашу бар. Себебі бүгінгі күнде офицерлердің білімін жетілдіру ауадай қажет. Өз елімізде мамандар дайындау өте тиімді және алдағы күнде ғылыми жұмыстармен айналысуға үлкен мүмкіншілік береді деп ойлаймын. Сол себепті, осы эфирді пайдалана отырып жастарды байланысшы мамандығын игеруге және байланысшы мамандығы бойынша білім алуға шақырар едім.
Өзгелердің жаңалығы