Қазақстан елшісі Болат Иманбаев Арменияның Әділет министрі Григор Минасянмен кездесу өткізді. Оның барысында сот-құқықтық, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлады BAQ.KZ.
Армян тарапына саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-армян өзара іс-қимылының дамуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және экономикалық реформалар бағдарламасы туралы ақпарат берілді. Конституциялық реформа және 2023 жылғы 19 наурыздағы Қазақстандағы парламенттік сайлауды өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өз кезегінде Г. Минасян Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалап, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін және 2023 жылға арналған екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырып, Қазақстан мен Армения Әділет министрліктері арасында тәжірибе алмасу бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.