Қазақстан агросекторына ЖИ енгізуге канадалық алпауыт тартылды

Үкімет канадалық TELUS Agriculture компаниясымен пилоттық жобаларды пысықтауда.

 Үкіметтің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 18:49
Бүгiн 2026, 18:49
148
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин канадалық TELUS Agriculture компаниясының басшылығымен кездесті. Тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) цифрландыруға халықаралық ЖИ көшбасшыларын тарту, өнімділікті арттыру үшін жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ секторды цифрлық трансформациялаудың жол картасын бірлесіп әзірлеу мәселесін талқылады.

Канадалық тарап data-centric (деректерге бағдарлану) моделі бойынша дамып, үш негізгі вертикальға бөлінген өзінің цифрлық экожүйесінің құрылымын ұсынды, олар – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және тұтыну тауарлары. Компанияның бағдарламалық жасақтамасы мен жасанды интеллектіге негізделген шешімдері бүгінде әлемнің 60 елінде шамамен 101 миллион гектар егістік алқабын қамтиды және агрономдар мен әлемдегі ең ірі азық-түлік брендтеріне технологиялық қолдау көрсетеді.

Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин отандық АӨК алдында дәстүрлі экстенсивті әдістерден заманауи қарқынды технологияға көшудің стратегиялық міндеті тұрғанын атап өтті.

Ет пен мал шаруашылығы өнімі – тарихи тұрғыдан біздің халқымыздың бірнеше буыны тұтынып келе жатқан негізгі асы. Бүгінгі таңда ішкі нарықта және іргелес мемлекеттердің нарығында сұраныс қарқынды өсуде. Бұл жағдайда біз өндіріс көлемі мен тиімділігін сапалы түрде арттыруымыз керек. Біздің миссиямыз – Қазақстанға жетекші халықаралық технологиялық чемпиондарды тарту және олардың тәжірибесін тікелей өндірісте тоғыстыру. Біз қазірдің өзінде цифрлық шешімдерді енгізу үшін негіз болатын 4-5 өңірлік алаңды анықтадық. Олардың қатарында «Қамыстыбас» (Қайбатар) кәсіпорнының 50 мың басқа арналған пилоттық жобасы, сондай-ақ Қарағанды облысында іске қосылған жоба бар. Біз сондай-ақ әр өңірдің ерекшелігі мен жағдайына қарай бірегей технологиялық сәйкестендіру үшін Шығыс Қазақстаннан серіктес қарастырып жатырмыз, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Канадалық инвесторлар Ақмола облысы мен Канаданың Альберта провинциясының климаттық жағдайы көп ретте екенін атап өтті. Бұл сынақтан өткен цифрлық хаттамаларды тиімді түрде бейімдеуге мүмкіндік береді. TELUS Agriculture басшылығы Ақмола облысында топырақтың құнарлылығын бақылау, өсімдіктерді қорғау және дақылдарды дәл іріктеу үшін ЖИ және мамандандырылған бағдарламалық пилоттық жобаны іске қосуға дайын екендігін білдірді.

Компанияның мәліметінше, Небраскадағы 200 мың бас ірі қара малға арналған ірі бордақылау алаңында осыған ұқсас цифрлық кешеннің енгізілгені бордақылау алаңдарының аумағын және астықты пайдалану көлемін едәуір қысқарта отырып, малдың орташа салмағын бір келі жемге шаққанда 60 грамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берген (жалпы көрсеткіштердің өсуі 70%).

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Ақмола облысындағы пилоттық жобаны егжей-тегжейлі пысықтау туралы уағдаласты. Зерттеу жүргізу және жаңа технологиялық хаттама енгізу үшін ғылыми-талдамалық және білім беру базисі ретінде ҚР АШМ-ның Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰКО) белгіленуі мүмкін. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда, бұл тәжірибе республиканың басқа өңірлеріне таратылады.

TELUS Agriculture – канадалық ІT және телекоммуникациялық алпауыт TELUS компаниясының мамандандырылған бөлімшесі. Компанияның цифрлық экожүйесі өсімдік, мал шаруашылығы, ветеринария және бөлшек саудаға қатысушыларды біріктіреді. Мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету АӨК-тің негізгі процестерін автоматтандырады, мәселен, ірі қара малдың саулығы мен өнімділігін бақылайды, сауу көлемін тіркейді, азықтандыру рационын оңтайландырып, фермадан тұтынушыға дейінгі бүкіл құн тізбегі дерегінің түпкілікті интеграциясын қамтамасыз етеді.

Наверх