Қазақстанның сыртқы қарызы 8,2 трлн теңгеге жетті: Сарапшы теңге мен инфляцияға әсерін түсіндірді

Қазақстанның мемлекеттік сыртқы қарызы 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 8,2 трлн теңге.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
87
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның сыртқы қарызының өсуі ел экономикасына қандай әсер етуі мүмкін деген сұрақ жиі көтеріледі. Сарапшылар қарыз көлемінің артуы бюджетке түсетін жүктемені күшейтіп, теңге бағамы мен инфляцияға ықпал етуі ықтимал екенін айтады. BAQ.KZ тілшісі осы мәселенің негізгі тәуекелдері мен алдағы болжамдары туралы Ipsum Finance компаниясының тәуелсіз қаржы кеңесшісі Данияр Құрмашевтан сұрап білді.

Ресми орган не дейді? 

Қазақстанның мемлекеттік сыртқы қарызы 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 8,2 трлн теңге. Бұл туралы Қаржы министрлігі BAQ.KZ порталының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрліктің түсіндіруінше, елдің сыртқы борышына тек мемлекеттік қарыз ғана емес, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдардың сыртқы міндеттемелері кіреді.

Ведомство мәліметінше, мемлекеттік қарыздың құрылымы туралы ақпарат тоқсан сайын жарияланып тұрады.

Қазақстан кімдерге қарыз?

Министрлік мәліметіне сәйкес, үкіметтік сыртқы қарыздың басым бөлігі халықаралық нарықта шығарылған облигациялардан тұрады.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша:

  • сыртқы нарықтардағы облигациялар бойынша қарыз - 58%;
  • халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы берешек - 34%;
  • Ресей қор нарығындағы рубльмен шығарылған облигациялар - 4%;
  • шетелдік үкіметтік ұйымдар мен коммерциялық банктер алдындағы қарыз - 3%.

Халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында:

  • Халықаралық қайта құру және даму банкі;
  • Еуропалық қайта құру және даму банкі;
  • Азия даму банкі;
  • Ислам даму банкі;
  • Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі аталған.

Ал шетелдік ұйымдардың ішінде JICA, KFW және Қытай Эксимбанкі көрсетілген.

Үкімет бюджет тапшылығын қарыз арқылы жабады

Қаржы министрлігі республикалық бюджет тапшылығы жыл сайын ішкі және сыртқы нарықтан қарыз алу арқылы қаржыландырылатынын айтты.

Ведомствоның мәліметінше, үкімет алдымен ішкі нарықтағы мүмкіндіктерді пайдалануға тырысады. Ал сыртқы нарық балама қаржы көзі ретінде қарастырылады.

Сыртқы нарықтарға шығу ішкі өтімділік көлеміне және халықаралық капитал нарықтарындағы қолайлы жағдайларға байланысты жүзеге асырылады, - деп түсіндірді министрлік.

Министрлік мұндай тәсіл қарыз портфелін әртараптандыруға және валюталық тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанның ХВҚ алдында қарызы жоқ

Қаржы министрлігі Қазақстанның Халықаралық валюта қоры алдында қарызы жоқ екенін де мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, Ұлттық банк ХВҚ алдындағы барлық міндеттемесін 2000 жылы мерзімінен бұрын өтеген.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының ХВҚ алдында қарыздары жоқ және ХВҚ-дан қарыз алу жоспарланбаған, - делінген жауапта.

ХВҚ Қазақстанға техникалық көмек көрсетіп жатыр

Сонымен қатар, министрлік Халықаралық валюта қоры Қазақстанмен техникалық ынтымақтастықты жалғастырып отырғанын айтты.

Атап айтқанда, Қаржы министрлігі ХВҚ-ға мемлекеттік қаржы статистикасы бойынша деректерді тұрақты түрде ұсынып отырады.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйекте өткен миссия барысында:

  • 2024 жылға арналған статистикалық есепті аяқтау;
  • бюджеттік сыныптама өзгерістерін талқылау;
  • квазимемлекеттік құрылымдарды есепке енгізу;
  • мемлекеттік қаржы статистикасын жетілдіру мәселелері қаралған.

Қаржы саласының сарапшысы Данияр Құрмашевтің сөзінше, қарыздың әрі қарай өсуі кезінде тәуекелдер күшеюі мүмкін. 

Қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге кететін шығындар артып, бюджетке салмақ түсуі ықтимал. Сонымен қатар сыртқы нарықтарға тәуелділік күшейіп, мұнай бағасы төмендеген немесе теңге әлсіреген жағдайда экономиканың осалдығы арта түсуі мүмкін, - дейді Данияр Құрмашев. 

Оның сөзінше, шетел валютасындағы міндеттемелер көбейген сайын қарызды өтеу үшін долларға сұраныс артады. 

Бұл теңгенің әлсіреуіне әсер етуі мүмкін. Ал ұлттық валюта бағамының төмендеуі әдетте импорттық тауарлардың қымбаттауына және инфляцияның күшеюіне алып келеді, - дейді сарапшы. 

Данияр Құрмашев сырттан қарыз алудың көбеюі халықтың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына жанама әсер ететінін айтады. Яғни қарызды өтеуге кететін шығындардың артуы мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымды және халықты қолдауға бағытталатын қаржысын қысқартуы мүмкін.

Негізгі кредиторлардың қатарында халықаралық қаржы ұйымдары, шетелдік банктер және шетелдік инвесторлар бар. Қазақстан бір ғана кредиторға қатты тәуелді емес, бірақ сыртқы капиталға тәуелділігі сақталып отыр, - дейді маман.

Қазақстан сыртқы қарызды өтеуде қиындықтарға тап болуы мүмкін бе?

Сарапшының ойынша, қазіргі уақытта дефолт қаупі орташа-төмен деңгейде бағаланады. 

Бұған Ұлттық қор резервтері мен мемлекеттік қарыз көлемінің салыстырмалы түрде қалыпты болуы әсер етіп отыр. Алайда мұнай бағасы төмендеп, теңге әлсіресе, тәуекелдер артуы мүмкін, - дейді Данияр Құрмашев.

Оның сөзінше, банк секторы, құрылыс саласы және валютамен қарыз алған компаниялар ең осал бағыттардың қатарына жатады.

Сыртқы қарыздың көп болу, қарыз көлемінің тым жылдам өсуі шетелдік инвесторлардың алаңдаушылығын тудыруы мүмкін. Сондай-ақ бұл инвестициялық ахуалға да кері әсер етуі ықтимал, - дейді сарапшы.

Данияр Құрмашев болжам бойынша, сыртқы қарыз көлемі біртіндеп өсе беретінін айтады.

Ең бастысы - алынған қарыз тиімді жұмсалып, экономиканың дамуына қызмет етуі керек. Яғни ол тек бюджет тапшылығын немесе бұрынғы қарыздарды жабуға емес, нақты экономикалық өсімге бағытталуы маңызды, - дейді сарапшы. 

Наверх