Қазақстан 5 жыл ішінде импорттық тауарларға 278 млрд доллар жұмсаған

Парламентте импорт көлемі мен қазақстандық қамтуды арттыру мәселесі қаралды

 BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 15:42
Бүгiн 2026, 15:42
107
Фото: BAQ.KZ коллажы

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің тақырыптық отырысында ел экономикасындағы импортқа тәуелділік пен отандық өндірісті дамыту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан импорттық тауарларға жалпы көлемі 278 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Бұл көрсеткіш Ұлттық қор қаражатының шамамен төрттен біріне тең. Мәселен, 2021 жылы импортқа 41,3 млрд доллар жұмсалса, 2025 жылы бұл сома 65 млрд долларға дейін өскен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірушілерді қолдау және импортқа тәуелділікті азайту мәселесіне үнемі басымдық беріп келеді. Осы бағытта Мәжілістің Экология комитеті 2023 жылдың маусым айынан бастап Энергетика министрлігімен бірлесіп, ірі мұнай-газ операторларымен жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Теңізшевройл, North Caspian Operating Company және Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. компанияларымен қазақстандық қамтуды арттыру бойынша кезең-кезеңімен келіссөздер жүргізілген, - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

2025 жылы комитет әр компаниямен жеке тақырыптық отырыстар өткізіп, 2023-2024 жылдардағы нәтижелерді тыңдады. Бұл формат қабылданған міндеттемелердің орындалуына бақылауды күшейтуге мүмкіндік берген.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Атырау мен Ақтау қалаларында екі ірі салалық форум ұйымдастырылып, отандық өндірушілер мен халықаралық операторлар арасында жалпы құны 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімшарттар жасалған. Бұл жергілікті бизнестің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Биыл осындай үшінші форумды Орал қаласында өткізу жоспарланып отыр.

2025-2029 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, ірі компаниялар қазақстандық қамту үлесін арттыруды көздеп отыр. Атап айтқанда:

  • «Теңізшевройл» 2029 жылға қарай тауарлар бойынша жергілікті қамтуды кемінде 30%-ға жеткізуді жоспарлайды;
  • «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» 30% және одан жоғары деңгейге жетуді міндетіне алған;
  • «North Caspian Operating Company» (Қашаған жобасы) тауарлар мен жұмыстар бойынша жергілікті қамтуды орта есеппен 25-30%-ға дейін ұлғайтуды көздейді.

Қазақстандық қамтуды арттыру тек пайыздық өсіммен шектелмейді. Бұл – отандық өндірісті дамыту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, бюджет кірістерін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және жұмыс орындарын құруға ықпал ететін маңызды фактор.

Комитет бұл бағытта барлық мүдделі тараптармен бірлесіп, нақты әрі жүйелі шешімдер қабылдауды жалғастырмақ.

Наверх