Қазақстан 2050 жылға дейін кемінде 150 мың тонна уран қорын қалыптастыруды көздеп отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтай комитетінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің алдымызда атом өнеркәсібінің тұтас кластерін қалыптастыру міндеті тұр. Ол энергетика, өнеркәсіп және ғылым салаларын қамтуы керек. Сонымен қатар атом электр станцияларының қауіпсіздігі, уран ресурстары, ядролық қалдықтар мен пайдаланылған отынды басқару, жоғары білікті мамандар даярлау, жергілікті өндірісті дамыту және саланы цифрлық трансформациялау мәселелеріне назар аудару қажет, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айтуынша, стратегиялық міндеттердің бірі – 2050 жылға қарай кемінде 150 мың тонна уран қорын қалыптастыру.
Бұл бағытта қорды басқарудың көпдеңгейлі жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Ол жер қойнауындағы уран қорынан бастап, табиғи уранның нақты резерві мен дайын ядролық отын қорына дейінгі кезеңдерді қамтиды, – деп атап өтті агенттік басшысы.
Айта кетерлігі, мұндай жүйе Қазақстанның атом энергетикасындағы ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және саланың тұрақты дамуына негіз болады.