Елімізде ҚАЖ мекемелерінің барлығына 45 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары – "Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің" төрағасы Абай Қайырбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл камералардан түсетін бейнежазбалар нақты уақыт режимінде ІІМ мен Бас прокуратураға беріледі. Оның айтуынша, биыл сотталғандарға қатысты азаптау фактілері тіркелмеді.
Тәуелсіздік жылдары Қылмыстық-атқару жүйесі елеулі жаңғыртудан өтті. Қазақстан адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл аталған жүйені одан әрі трансформациялаудың негізіне айналды.
Қайырбековтің сөзінше, барлық мекемеде толық бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. 45 мыңнан астам камера бейнесін Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура тікелей бақылай алады.
Видеомониторингтің профилактикалық әсері оң нәтиже беріп жатыр. Биыл ҚАЖ қызметкерлері тарапынан азаптау фактілері тіркелген жоқ, - дейді Қайырбеков.
Министрдің орынбасары комитеттің Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, ұлттық превентивтік механизммен және қоғамдық бақылау комиссияларымен белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы да бұл жүйеге айрықша назар аударып, жаңа мақсаттарды айқындаған.
Қайырбековтің айтуынша, реформалардың басты бағыты – сотталғандарды еңбекпен қамтуға және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға негізделген қайта әлеуметтендіру моделіне көшу. Сондай-ақ ҚАЖ мекемелерінің инфрақұрылымы жаңартылып, өндірістік база қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Мысал ретінде ол Алматыда жақында ашылған жасөспірімдер колониясын атады. Бұл – тәуелсіздік жылдарында алғаш рет нөлден бастап салынған мекеме және толықтай халықаралық стандарттарға сай. Жоба бизнес қауымдастықтың қатысуымен, бюджет қаражатынсыз жүзеге асқан. Оның айтуынша, әйелдерге, соның ішінде балалары бар аналарға жасалатын жағдайға ерекше мән берілуде.
Біздің мақсат – қоғамның сенімін нығайту, тәуелсіз бақылауды қамтамасыз ету, азаптаудың алдын алу және адамдардың түзеліп, қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау, - деді ол.
Қайырбеков бүгінгі конференцияның ашық диалог пен тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң екенін атап өтті.
Қатысушылардың ой-пікірлері мен ұсыныстары жүйені дамытуға және жазаны орындаудың тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенемін, - деп жұмыс барысына сәттілік тіледі.
Еске салсақ, Астанада өткен халықаралық конференцияда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов сөз сөйлеп, адам құқықтарын қорғау кез келген заманауи Конституцияның негізгі қағидаты екенін атап өтті.
Сондай-ақ, сотталғандарды шартты босату жүйесі өзгеруі мүмкін екенін жаздық.