Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақфильм» киностудиясының аумағында аты аңызға айналған кинорежиссер, КСРО халық артисі Шәкен Аймановтың туғанына 108 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жақында ғана 99 жасқа толған ҚР халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек ері Юрий Померанцевке арналған ескерткіш жұлдыздың салтанатты ашылуы өтті.
Аталмыш шараға денсаулығына байланысты Юрий Борисовичтің өзі қатыса алмады.
Салтанатты шараға «Қазақфильм» киностудиясы мен М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры басшылығы мен ұжымы, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өкілдері, Шәкен Аймановтың туған-туыстары, белгілі киногерлер мен журналистер қатысты.
Міне 40 жылға жуық біздің киностудиямыз ұлы режиссер Шәкен Аймановтың есімімен аталып келеді. Ол біздің мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосты. Шәкен Кенжетайұлы замандастарымен бірге ұлттық киноның берік іргетасын қалады. Сондай-ақ, бүгін қазақ киносының жұлдыздар аллеясында «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде басты рөлді сомдаған ҚР Халық артисі, Қазақстанның Еңбек ері Юрий Борисович Померанцевке арналған атаулы жұлдызы жанды, - деді, өзінің алғы сөзінде «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев.
Аталған шараға М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев қатысып, киностудия басшылығына ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, келесі жылы Юрий Борисовичтің жүз жылдық мерейтойы тойланатынын атап өтті.
Іс-шарадан кейін Қазақ киносының музейінде қонақтарға арналған шағын экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында «Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев жиналғандарға жаңғырту бағдарламасы бойынша киностудияға сатып алынған жаңа кинотехниканы таныстырды