Мұхит асып, АҚШ-қа іс сапармен келдік. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ жастарының басын қосқан Digital Nomads қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қауымдастық - әлемнің түкпір-түкпірінде алпауыт технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық IT-мамандардың басын біріктіріп отыр. Атап өтерлігі, Digital Nomads біздің министрліктің бастамасы бойынша құрылған болатын. Бүгінде оның құрамында 400-ден астам IT-маман бар, - деді министр.
Кездесуге жер жаһаннан 30-дан астам IT-маман келді.
IT-саласының өзекті мәселелері талқыланды, атап айтқанда, олардың қазақстандық мамандардың жаңа буынын дайындауға көмектесуі, спорттық бағдарламалау және венчурлық инвестициялар бойынша жобаларды іске асырып жатқаны туралы айтылды. Бұдан бөлек, Digital Nomads өкілдері шетелдік IT-материалдарды қазақ тіліне аударуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша олар елімізден жырақта болса да, мыңдаған шақырым жерде тұрып, Қазақстанның тұрақты дамуына үлестерін қосуда.
«Ұйымдасқан ұтады»-деген қанатты сөз бар! Бір табысты мысалға тоқтала кетейін. Бір кездері АҚШ пен Еуропаның жоғарғы оқу орындарында білім алған Үнді елінің азаматтары, қазақ жастары сияқты өздерінің IT-мамандарының қауымдастығын құрған болатын. Уақыт өте келе осы топтан шыққан Үнді жастары әлемдегі танымал IT-компанияларда басшылық лауазымдарды иеленді. Қазіргі уақытта олар өз отандастарының стартаптарын қолдай отырып, өздерінің еліне қомақты инвестиция тартуда. Мен қазақ жастары да отандық IT-саланы қолдай отырып, туған еліміздің дамуына қол ұшын созғанын қалаймын, - деді Бағдат Мусин.