Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы әлемдегі ең үздік шығармашылық жоғары оқу орындарының бірі – University of Music and Performing Arts Vienna (Вена музыка және сахналық өнер университеті)мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ғасырлар бойы әлемдік өнер мен академиялық дәстүрдің дамуына үлес қосып келе жатқан Вена университетінде бүгінде музыка, театр және кино бағыттары бойынша 3000-нан астам студент пен оқытушы білім алады.
Меморандум шығармашылық кадрларды кәсіби даярлау саласындағы ұзақ мерзімді академиялық әріптестікті дамытуға, сондай-ақ халықаралық білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Келісім аясында академиялық ұтқырлықты дамытуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, вокал, композиция, опера дирижерлігі, аспаптық орындау (скрипка, фортепиано, үрмелі және соқпалы аспаптар) бағыттары бойынша шығармашылық ынтымақтастық көзделген. Сонымен қатар музыкатану, этномузыкатану және мәдениет менеджменті салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Сондай-ақ студенттер мен оқытушыларды халықаралық бағдарламаларға, соның ішінде International Summer Academy mdw жобасына тарту, білім беру, өнер және мәдениет саласындағы ұзақ мерзімді бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.