12 елде қазақ тілін үйрететін 31 орталық ашылады – Абаев

27 Қаңтар 2020, 12:46
1538
Бөлісу:
12 елде қазақ тілін үйрететін 31 орталық ашылады – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шет жұрттағы қандастарымызды қолдау жалғасып жатыр. Бұл мақсатта мемлекетіміз 7 елде қазақ мәдени іскерлік үйлерін ашуды көздеп отыр.

Бұдан бөлек, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге 12 елде 31 орталық ашу жоспарланған. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

Қандастарды қолдауды жалғастыру мақсатында биыл әлеуметтік-экономикалық қолдау шаралары кешенінің нақты пайымдауын жасау қажет. Отандастар форумы және шетелдегі қазақтардың кіші құрылтайын жоғары деңгейде өткізу қажет. 12 елде 31 қазақ тілін үйрету онлайн сабақтарын және 7 елде қазақ мәдени іскерлік үйлерін ашу керек. Қандастар статусын бір терезе принципі бойынша беруге арналған қызметті іске қосу қажет, - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев мемлекетіміздегі дін саласындағы жоспарланған шаралар туралы айта келіп, халықаралық шаралардың қайта өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Алматыдағы "Нұр Мүбәрак" мектебінің жаңа ғимаратын салуды бастау керектігін айтты.

Дінді дамыту бойынша стратегиялық ортамерзімді жоспар әзірлеу керек. Биыл 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы саяси тұжырымдаманың мерзімі аяқталатыны белгілі. Құзыретті тұлғаларға "Жусан" операциясы аясында террористік белсенді ортадан оралған қыз-келіншектерді 100% қайта қалпына келтіруді тапсырамын. Бұл тек психо-эмоционалдық кеңес қана емес, әлеуметтік қолдау болып табылады. Биыл Дінтанушылар форумын өткізіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің 19 хатшылығын өткізу керек. Алматы қаласында "Нұр Мүбәрак" мектебінің жаңа ғимаратын салуды бастау қажет, - деді ол. 
Қазір елордадағы "Қазмедиа" орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр. Жиында министр Дәурен Абаев телеарналар мен интернет ресурстардың мемлекеттік тапсырысты орындау критерийін бағалау жүйесі өзгеретіні және жас журналистер мен студенттер арасында "Үміт" конкурсы өтетіні туралы айтты.

Дәурен Абаев отбасылық саясатты дамытудың екінші сатысы басталатынын және "Рухани Жаңғыру" амбассадорлары анықталатынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы