Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен заты мемлекеттік бола алмады – депутат

12 Сәуір 2023, 16:08
1448
Бөлісу:
Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен заты мемлекеттік бола алмады – депутат
Фото: ОКҚ

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ қазақ тілі мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 3 589 заң қабылданып, жұмыс істеп жатыр. 30 жылдың ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен заты мемлекеттік бола алмады. Заң жобасы орыс тілінде әзірленіп қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Осы күнге дейін қазақ тілінде тек екі заң жобасы әзірленіп, қабылданған. Атап айтсақ, «Тілдер туралы», «Көші-қон туралы» заңдар ғана. Заңның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты сын-пікірлер халық арасында өте көп. Соның бірі заң терминінің бірізділігінің сақталмауы, - дейді депутат.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің аясындағы кешенді проблемалар қазақстандық құқық жүйесі кеңістігінде бір-бірімен сабақтасып, ұштасып соның салдарынан түйткілді мәселелер туындап жатыр.

Қазақ және орыс тілдері құрылымы тұрғысынан әртүрлі тілдік топтарға жатады. Заң шығару процесінде осы ерекшеліктер ескерілмесе, мәтіндердің мағыналары бұрмаланып мәні өзгереді. Бұл жоғарыда аталған сөзбе-сөз немесе калька аударманың әсері. Бұндай кемшілікке жол беруге әсте болмайды, - деп түсіндірді Шапақ.

Ол бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керегін айтады.

Бүгінде қазақ тілі терминдерінің бірыңғай электронды базасында 380 мыңнан аса термин орналастырылған болса, оның ішінде заңтану саласында 11 139 термин бекітілген.

Заң тілі нақтылықты қажет етеді. Мысалы, «постоянное местожительство», «тұрғылықты жер», «тұрғылықты мекен»; «недвижимое имущество», «жылжымайтын мүлік», «қозғалмайтын мүлік» деген баламалар Конституциядан бастап барлық қолданыстағы заңнамада кездеседі. Өздеріңіз көріп отырғандай, бір заңның ішінде бірізділік сақталып отырған жоқ. Туынды заңдарда да жағдай осылай, - деп мысал келтірді депутат.

Депутат Шапақ атап өткендей, аударма терминдердің сырын, болмысын аша отырып, қазақ тіліндегі заңнамалардағы жеке сөздер мен сөз тіркестерінің контекстегі қызметі мен жеке тұрғанда білдірер мағынасын жете түсінбей тұрып, бірден аудару салдарынан кетер кемшіліктерге, заңнама мәтініндегі бірізділікке қатысты олқылықтарға баса назар аудара келе қордаланған мәселені шешудің жолын іздестіру керек.

Сондықтан қазақ тіліндегі барлық құқықтық нормативтік актілердің түп мәтініндегі терминологиялық қолданудағы бірізсіздікке, алуандылыққа ревизия жүргізу керек. Бұл – бір. Екінші, мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтау қажет. Үшінші, жасалған жұмыстардың нәтижесін сұрыптап, жүйелі анализден өткізу керек, - деп айтты ол.

Сондай-ақ ревизия нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларда анықталған қордаланған сәйкессіздіктерді жоюдың бір реттік жолын қарастыру керек.

Өзгелердің жаңалығы