Қазақ тілін латын графикасына көшірудің нақты мерзімі әзірге белгіленген жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында одан қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмысы жалғаса ма және бұл бағытта нақты мерзім белгіленді ме деп сұралды.
Эльмира Асанның айтуынша, қазір мамандар латын графикасына негізделген әліпби жобасы мен емле ережелерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
«Қазіргі уақытта латын графикасына негізделген әліпби жобасы мен емле ережелері жетілдіріліп жатыр. Аталған жобалар тиісті нормативтік-құқықтық құжаттармен бекітілгенге дейін латын графикасының әртүрлі нұсқаларын қолдану негізсіз», – деді ол.
Комитет төрағасының орынбасары 2022 жылы тілші ғалымдар жаңа әліпби жобасын Ұлттық комиссияның қарауына ұсынғанын еске салды. Кейін жоба қайта пысықтауға жіберілген.
Ал қазақ тілін латын графикасына көшірудің нақты мерзіміне қатысты Эльмира Асан әзірге дедлайн жоқ екенін айтты.
«Қазіргі уақытта нақты мерзім белгіленген жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр. Үкіметтің тиісті тапсырмасы берілгенге дейін нақты дедлайн болмайды», – деді ведомство өкілі.