Астанада Қазақстан мен Қытайдың Сыртқы істер министрлері келіссөздер жүргізіп, нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың маңызды екенін атап өтті.
Қытай – біздің ең ірі сыртқы сауда-экономикалық серігіміз. Былтыр екіжақты тауарайналым 30%-ға ұлғайып, 41 млрд долларға жетті. Қытай қазірдің өзінде Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіріп, елімізге тартылған капиталдың көлемі 24 млрд доллардан асты. Біз осы жетістіктермен шектелмей, қолда бар потенциалды аша түсуге мүдделіміз, - деді Нұртілеу.
Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Қытаймен алыс-берісімізді одан әрі ынталандырып, өзара тиімді жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасауға деген ортақ ниетімізді растағанын жеткізді.
Қазіргі таңда мұнай-газ, химия, металлургия, агро, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларда ондаған ірі бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар озық технологиялар, инновация және ғылыми-зерттеудегі әлеуетімізді әрі қарай жетілдіру біз үшін аса маңызды. Бұл тұрғыда, жоғары сапалы технологиялық ынтымақтастыққа ерекше назар аудардық. Атап айтқанда, елімізде электромобильдердің өндірісін құру туралы қытай тарапының ұсынысына қазақ тарапы толықтай қолдау көрсетпек, - деп айтты СІМ басшысы БАҚ-қа берген брифингте.
Мұрат Нұртілеу сирек кездесетін минералдар қорын бірлесіп игеруге қытай компанияларын шақырды.
Бұған дейін Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға ресми сапармен келгенін хабарладық.