Қазақ қырылып жатқан аурудың себебін зерттейтін институт жекеменшікке сатылып кеткен – Бәпи

9 Қазан 2023, 13:23
12882
Бөлісу:
Қазақ қырылып жатқан аурудың себебін зерттейтін институт жекеменшікке сатылып кеткен – Бәпи
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Мәжіліс депутат Ермұрат Бәпи жекеменшікке сатылып кеткен институттарды мемлекетке қайта қайтару мәселесін қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда орналасқан ұлттық ғылыми зерттеу институттары түгелдей жекешеленіп кетті. Жекешелендірудің басында тұрған – бұл «ескі Қазақстан» қожайындарының ықпалы болды. Негізі сол кездегі бірінші отбасының төңірегінде жүргендердің ықпалымен жекешелендірілді. Осы институттарды жекешелендіру мәселесін, жекеменшікке беру мәселесін қайта қарау немесе ревизия жасау министрліктің жоспарында бар ма? – деп сұрады депутат Денсаулық сақтау министрлігінен.

Ол елімізде қатерлі ісікпен ауыратындар статистикасы жайлы айтты.

Қазақта «рак (қатерлі ісік – ред.) қазақтың ұлттық ауруына айналды» деген сөз бар. Соңғы ақпаратқа қарасам, елімізде осы диагнозбен 180 мыңға жуық адам тіркелген. Жылына 15 мың адам өледі. Негізгі өлім-жетім көрсеткіші бойынша қатерлі ісік ауруы екінші орында. Жоғарыда айтқан институттың бәрі – Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының флагмандары. Солай бола тұра, Алматыдағы Қазақ онкология және радиология институты қалай жекеменшікке берілді? Қырылып жатқан қазақтың ауру себебін зерттейтін институт жекеменшікке сатылып кеткен. Мұндағы әрбір аппаратураға сатылар алдында 5 млн долларға дейін ақша жұмсалған, - деп айтты Бәпи.

Сөзінше, мемлекет институтты жабдықтап, жекеменшікке бере салған.

Осының анық-қанығы қалай? Жекешелендіру мәселесіндегі бірінші отбасының ықпалы қандай болды? – деп сұрады Ермұрат Бәпи.

Депутат институтты қайтары мәселесі ойланатын жағдай екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы