Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%» (World’s Top 2% Scientists) рейтингіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Elsevier ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемнің ең үздік ғалымдарын Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастырды. Рейтинг негізіне бүкіл библиометриялық мәліметтері: ғалымдардың мансабындағы барлық және өткен жылдағы дәйексөздері алынады.
Сәрсенбек Монтаев соңғы жылдары БҚАТУ-да жұмыс істеп жатыр, қазір университеттің Индустриалды-технологиялық институтын басқарады. Құрылыс материалдарын өндіруде жаңа технологияларды әзірлеуші, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырағының құрылымдық-механикалық қасиеттерін жақсарту жөніндегі жобаның басшысы болып табылады.
Профессор «Болашақ» бағдарламасы аясында Жапонияда «Нанотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті. Ғалымды әлемдік деңгейде мойындалғанымен құттықтаймыз және еңбегіне табыс тілейміз, - делінген АШМ таратқан хабарламада.