Қазақ-өзбек сауда-саттығын нығайту мәселелері талқыланды

Бүгiн, 09:10
124
Бөлісу:
Қазақ-өзбек сауда-саттығын нығайту мәселелері талқыланды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Астанада өткен кездесуде Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдратов қазақ-өзбек сауда экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің алдағы кездесуі алдында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстан-Өзбекстан шекарасында құрылған «ХҚКО - Орталық Азия» индустриялдық аймағының жұмысы және Өзбекстанның 2009 жылдағы тауар шығарылған елді анықтау туралы Ережесіне көшу мәселелері талқыланды.

Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-орынды иеленіп отыр. Қазақстанның Орталық Азиямен тауар айналымының 57% -дан астамын құрайды. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд, АҚШ долларын құрады.

Таяу уақытта тауар айналымын 5 млрд долларға дейін және орта мерзімді перспективада 10 млрд долларға дейін ұлғайту мақсаты тұрғанын айтты. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі сауда мәселелерін шешу және өсімнің жаңа нүктелерін табу қажет, - деді Арман Шаққалиев.

Өзбекстан Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізіп отырған елдер арасында да көш бастап тұр. UZKAZTRADE бірлескен кәсіпорны арқылы 1,6 млн долларға жеміс-көкөніс өнімдері экспортталды. Қазақстан бұл жұмысты бұдан ары жалғастырмақ. Сондай-ақ, тез бұзылатын тауарларды жеткізу мәселесіне басымдық жасалатын болады.

Өзбекстан 2009 жылғы Ережеге қосылу процесін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл қадам елдер арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін маңызды, - деді Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдратов.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды аспектілерінің бірі - «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы шеңберіндегі шекара маңы ынтымақтастығы болып табылады. Кездесу барысында тараптар индустриялдық аймақты құрудың ағымдағы жай-күйі туралы ақпаратпен бөлісті және оны іске асыратын жобаның айқындалғанын хабарлады.

Тараптар осы жылдың қыркүйек айында «ХҚКО - Орталық Азия» индустриялдық аймағында жобалардың тұсаукесерін ұйымдастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы