Бүгін – Тәуелсіздік күні. Келешек ұрпақтың қамы мен тыныштығы ойлаған ата-бабаларымызға тағзым. Тәуелсіздікке ұмтылыс 14-15 ғасырда құрылған Қазақ мемлекеті үшін, одан бұрын жерімізді мекен еткен ұлыс пен тайпаларға оңай болған жоқ. Бір жеңіліс пен құрсауда қалу елдің тарихын мүлдем басқа арнаға бұруы мүмкін. BAQ.KZ тілшісі ел тарихындағы ең шешуші дейтін сәттерге шолу жасады.
Парсы билеушісін жеңген патшайым
Б.з.б. VI ғасырда Парсы елінде, Ахемен империясы құрылды. Парсы патшасы Кир II, Месопотамия елдерін біріктіріп, басқыншылық саясатын жоспарлай бастады. Мысырды жаулап алуды армандаған Кир, мұндай үлкен мемлекетпен соғысу қиын болатынын білді. Сол себепті, алдымен шығыс жақты, яғни шексіз даладағы сақ тайпаларын бағындыруды көздеді.
Алдымен, Тұмарға хат жіберіп, әйелі болуға ұсыныс жасады. Бірақ, Томирис Кирдің шын ниеті қандай екенін біліп, бар тартуға шешім қабылдады. 530 жылы парсылардың үлкен әскері Шығысқа аттанды. Парсылар үшін жорық сәтті басталды. Тұмар ханшайымның ұлы тұтқынға алынды. Томирис Кирге елші жіберіп, оның ұлын босатуды талап етті. Егер ұсыныс орындалмаса, «қанға қаншалықты тоймайтын болсаң да, басынды қанға тұншықтырамын» деп қорқытты. Кир бұл ұсыныстан бас тартып, елшіні қайтарып жіберді. Ал, Тұмардың ұлы өзіне-өзі қол жұмсап мерт болды. Мұны естіген массагеттер патшайымы парсыларға қарсы шабуыл жасады. Қатыгез шайқас ұзаққа созылды, ешкім шегінгісі келмеді. Ақырында сақтар жеңіп шықты. Ұрыс кезінде Кир өлтіріліп, Томирис оның денесін табуға бұйрық берді. Мәйіті табылған соң, үлбірге қан толтырып, парсы патшасының басын соның ішіне салды. Бұл оқиға аңызға айналды.
Талас шайқасы. Түркілерге ислам өркениетінің келуі
Бұл кезде Тан патшалығы Шығыс Түрік қағанатының әлсірегенін пайдаланып, Талас өңірін басып алмақшы болады. Ол кезде аймақ араб халифатының қолында еді.
Тан патшалығынан теперіш көріп келе жатқан түргештер мен қарлұқтар араб халифаты жағында болды. Бұл жағдай арабтар мен қытай әскерлерінің қақтығысқа түсуін жеделдете түсті. Екі жақ әскерлерінің шайқасы 751 жылы 29 шілдеде басталып, 5 күнге созылды. Қытай қолбасшысы Гау Шиянденнің (Гао Сянь-чжи) қарамағында 70 мың әскер болған. Шайқас барысында қарлұқтар жаппай арабтарға болысып, екі жақтан Тан әскерін қыспаққа алды. Араб қолбасшысы Зияд ибн Салих қарамағындағы әскер шайқас барысында қытай әскерінің 50 мыңын өлтіріп, 20 мыңын тұтқынға алды. Шайқаста жеңіліс тапқан Тан патшалығы бұдан кейінгі кезеңде өз құдіретінен айырылды. Бұл өз кезегінде түркілердің Ислам өркениетімен жақындасуын жылдамдатты.
Аңырақай және Бұланты(Қалмаққырылған) шайқастары
Аңырақай және Бұланты шайқасы - қазақ халқының ең ұлы жеңісі. 18 ғасырда Солтүстіктен Ресей Империясы, Шығыс мен Батысын қалмақ пен жоңғар құрсауға алған кезде бабаларымыз өжеттік таныпы елін сақтады.
Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларын ойсырата жеңді.
1723-1725 жылдар аралығында қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайыр хан сайланды. Бұл жоңғарларға қарсы ұйымдасқан шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 жылы Шұбар теңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты. Мұның артынша Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы кең жазықта шешуші ұрыс болды. Ол тарихқа Бұланты шайқасы деген атпен енді. Онда қазақ жасақтары жеңіске жетіп, жоңғарлар Ұлытауға жеткізбей тоқтатылды. Сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» атанды. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі таудың басына шығарылып жерленді. Өзінің маңыздылығы жөнінен Бұланты шайқасы 1941 жылы Мәскеу түбіндегі жеңіспен барабар. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды.
1723-1725 жылдары қазақ жерінің біраз өңірін басып алған жоңғарлар Ұлы тауға қарай бет бұрды. Азаттықты аңсаған, елдің басын қосып, бірлік болмай, тірлік болмайтынын ұғынған қазақ халқы бардың басын қосып, жиын өткізді. Ордабасы жиынында біріккен қазақ қолының бас қолбасшылығына Әбілқайырды хан сайлады. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілхайыр бастаған қалың қол 1726 жылдың соңы мен 1727 жылы жоңғарларға қарсы соғыс ашты. 1726 жылы Шұбар теңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңілген жоңғарлар кейін шегіне бастады. Бұның артынша Бұланты мен Білеуіті өзендері аралығындағы шешуші ұрыста қазақ қолы жоңғарларды Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе Қалмаққырылған аталып кетті.
Аңырақай шайқасы (1729 жылы кей деректерде 1730 жылы болған) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Оған дейін жоңғарларға қарсы шайқастар қазақ үшін ауыр өтті.
Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылы бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды.
Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Аңырақай аталатын да осы өңір. Бұл шайқаста (40—45 күн) қазақтар ірі жеңіске жеткен.
Ұрысқа бас қолбасшылар Қабанбай батыр, Бөгенбай батырлар сайланды,Орта шепті Бекжан батыр басқарды. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін Қазыбек батыр, Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қаракерей Қабанбай Бөгенбай батыр,Бекжан батыр,Шақшақ Жәнібек, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақтың көптеген руына қолбасшы болып сайланған Бөрібай батыр,қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы Шапырашты Наурызбай да қатысқан.
Исатай мен Махамбет көтерілісі
1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болды. Ол көтерілістің басты себебі - жердің жетіпеуі және байлар мен казактардың әділесдігі болды. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі байлар өзара бөлісіп алған болатын. Қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды. Жайық бойындағы жерлерді Жайық қазақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық қазақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өз жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшын да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе кейбірі көтерілісшілерге қарсы шықты.
Исатай басқарған көтерілісті Орынбор губернаторы В.А.Перовский тоқтату үшін бүкіл күштерді жұмылдыра бастады. В.А. Перовский бұл көтерілістің Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт азаттық көтеріліспен бірігуінен сескенді. Подполковник Гекке басқарған жазалаушы отрядтар Исатай қолын талқандау үшін аттанды. Исатай 500 сарбазымен сұлтан Айшуақұлына соққы беру үшін, Қайыпқали тобынан бөлінді. Айшуақұлы тобының Гекке жасағы қосылып, үлгергенін батыр байқамады.
Өкінішке қарай 1838 жылы Ақбұлақ деген жерде көтерілісшілер Гекке мен Айшуақұлы басқарған отрядтан жеңілді. Ауыр жараланған Исатай казактар қолынан қаза тапты.
Кенесары Қасымұлының көтерілісі: Қазақ мемлекетінің қалпына келтіру ісі
Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.
Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.
Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.
Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды.
Желтоқсан көтерілсі: Қазақ жастары
17 желтоқсанда таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Республика алаңына саяси тәуелсіздікті талап еткен 300-дей адам жиналды. Көтерісшілер саны кешкісін 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл да Кенесары, Махамет пен Исатайдың бастаған әділет жолындағы күресініңнің жалғасы деуге болады. Қазақс жастары КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы шығып, тарихымызға бетбұрыс жасады.