Қазақ күресі – түркі халықтарының ортақ ойыны

24 Қазан 2022, 14:04
2470
Бөлісу:
Қазақ күресі – түркі халықтарының ортақ ойыны

Өз тарихын түркілермен байланыстыратын Мажарстан елінің балуандары 29 қыркүйекте Түркістан қаласында «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен өтетін «Turan Barysy» Азия Кубогіне қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Дзюдодан Мажарстаннның сегіз дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Андраш Жолт Биро мажар спортшыларын айтулы турнирге дайындап әкеле жатыр. Ол қазақ күресінен құраманың бас бапкері әрі жетекшісі ғана емес, бүгінде Мажарстандағы көкпар және ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы,  «Мажар-Тұран» халықаралық қорының президенті қызметін атқарады. Өзі басқарып отырған «Мажар-Тұран» халықаралық қорының мақсаты – көшпенділер мұрасын, спортын, ұлттық ойындарын дәріптеу және оны қайта жаңғырту.

Қазақ күресі – түркі халықтарының ортақ ойыны. Өз тарихын түркілермен байланыстыратын мажар халқы үшін де етене таныс, біздің де ұлттық спортымыз болып есептеледі. Ер балаларды ерте жастан біз де күреске, көкпарға, ат жарысқа, найзаласу, қылыштасу, аударыспаққа баулимыз. Жыл сайын Мажарстанда, «Мажар-Тұран» ХҚ ұйымдастырумен көшпенділердің ұлттық спорт түрлеріне арналған Turán-Hagyományőrző Sportok Viadala атты дәстүрлі спорт сайысы өтеді. Сонда осы ойын түрлерінің әрқайсысын тамашалауға болады, - деді Андраш Жолт Биро.

Ол қазақ күресшілеріне, бауырлас қазақ еліндегі ұлттық спорт түрінің дамуына тоқталып өтті.

Қазақстан өзін әлемге таныту жолында спорттың орны ерекше болды. Мен ылғи да бақылап отырамын, спорт саласында Қазақстанның жеңісі мол. Оның үстіне, міне, 2000-жылдардың басынан бері қазақ күресін әлемге танытып келесіздер. Түркістанда өткелі отырған сайыстың атауын да қазақтың мінезіне тән етіп, «барыспен» байланыстырыпсыздар. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Бүгінде Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсыновтардың есімдерін мажар күресшілері де біледі. Күресті қазақтардың ұлттық мінезін көрсететін спорт десем де болады. Дзюдошы, кәсіби спортшы ретінде күресте спортшыға ширақтық, шапшаңдық, төзімділік, ептілік керек екенін жақсы білемін. Бұл –  қорқақтардың сайысы емес, мұнда батыл болуың керек, жүрек керек. Ал бұл қасиеттердің барлығы – қазақ халқының бойында бар, - деді Мажарстан көкпар және ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы.

2021 жылы Мажарстанда ұлттық спорт түрлерімен айналысатын бірлестіктер мен федерациялардың жұмысын кәсіби деңгейге көтеріп, олардың арасында әріптестік байланыс орнату мақсатында Көкпар және ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылған. Мұндай шаралар түркітектес халықтардың бірлігін нығайтуға әсерін тигізері анық.  Андраш Жолт Биро әлемде жүріп жатқан саяси, экономикалық, экологиялық және мәдени процестер аясында мажар халқына көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүріне жүгініп, шыққан тегін танып білудің маңызы зор деп есептейді.

Айтулы додаға Мажарстаннан бөлек Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан балуандары қатысады. Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады. 

Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Бұдан бөлек, «Turan Barysy» жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды.

Айтулы іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтеді. Турнирдің бас серіктестері - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ және «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».

Өзгелердің жаңалығы