Қазақ футболындағы былық: Желге ұшқан 3 млрд теңге анықталды

27 Наурыз 2025, 15:31
2794
Бөлісу:
Қазақ футболындағы былық: Желге ұшқан 3 млрд теңге анықталды
Фото: pixabay.com

Бас прокуратура Қазақстан футболында бұрынғы федерация басшылығы кезінде жасалған бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Прокурорлық тексеру нәтижесінде Қазақстанның футбол федерациясы (бұдан әрі – Федерация) мен бірнеше футбол клубтарындағы тиімсіз пайдаланылған 3 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады.

Негізгі бұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар. Атап айтқанда, Федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген. Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлемдер жасалған, - деді Бас прокуртура хабарламасында.

Сондай, ақ 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған.

135 млн теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырады. Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген. «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталды, - делінген хабарламада.

Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді.

Өзгелердің жаңалығы