Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында «AMANAT» партиясының атынан сайланған депутат Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетін оқытуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ринат Зайытов мектеп оқушыларының бағдарламасына әлем әдебиетін енгізу бастамасы жайлы айтты.
Мен ол бастаманы көрдім. «Неге бізде қазақ әдебиеті сағатынын орыс тілі әдебиетінің сағаты көп?» деген сұрақты Оқу-ағарту министрлігіне мен де қоямын. Сондықтан мұны бір жүйеге келтіру керек. Неге біздің балалар орыс тілі әдебиетін оқуы керек? Ол Кеңес үкіметі кезінде бәлкім маңызды болған шығар. Ал қазір заманның кең шағында барлық әлем әдебиетімен танысуға мүмкіндік бар кезде біз міндеттеп, «тек орыс әдебиетін оқисыңдар» деп айта алмаймыз. Басқа елдің әдебиетін ұрпақтың санасына сіңіру – қате, - деді депутат Мәжілістің кулуарында.
Зайытовтың пікірінше, қазақ әдебиетінің өзі мектептерде толық оқытылып жатқан жоқ.
Бірінші кезекте өзіміздің қазақ әдебиетін дамытып алуымыз керек, - деді депутат.