Түркістанның "Жылу" мекемесінде 15 жылдан бері бас қазаншы болып жұмыс істейтін Ерік Исабеков әр маусым сайын мыңдаған тұрғынды жылумен қамтамасыз етудің ауыр да жауапты ісін атқарып келеді. Қыс келгенде, аяз басталмас бұрын қазандықтың әрбір тетігін тексеріп, аппараттарды іске қосатын Ерік үшін бұл – жай жұмыс емес, өмірдің мәні. BAQ.KZ тілшісі осы жұмыстың барлық жауапкершілігін терең түсіну үшін Ерік Исабековпен сұхбаттасып қайтты.
Қолымыз үсіп қалатын
Таңертең жұмысына келе салысымен Ерік қазандықтың температурасын тексеруге кіріседі. Біз барғанда түнгі кезекшілікті қабылдап, жылу беру жүйесін есептеп отыр екен. Қолындағы парағын үстелге қойып, бірден жылу процессі туралы әңгіме бастап кетті.
Қазаншының жұмысы осындай. Ауа температурасын үнемі бақылап, жылу жүйесіндегі градуспен жұмыс істей отырып есептеулер жүргізу керек. Егер бір қателік жасалса, қазандықтың жұмысында ақау шығып, нәтижесінде қала тұрғындары жылусыз қалуы мүмкін, – дейді Ерік.

Еріктің айтуынша, Түркістан қаласындағы жылу қазандығы 2007 жылы іске қосылған. Ал ол жұмысын 2010 жылы нағашы ағасының ұсынысымен бастаған. Содан бері 15 жыл бойы осы мекемеге қызмет етіп, бүгінгі таңда бас қазаншы дәрежесіне көтерілген. Бастапқыда жылудағы жұмыс оған қиындық тудырғанын, сол кезеңде өзімен бірге қызмет еткен көптеген әріптестерінің шыдамай, жұмыстан шығып кеткенін айтады.
Түркістан қаласына 2019 жылы газ келгенше, біз көмір қолдандық. Көмірмен жұмыс істеген кезде, жағдай тіптен қиындап кететін. Қақаған қыста көмірді қазандыққа дейін тасып, қолымыз үсіп қалатын күндер де болды, – дейді Ерік.
Ауа температурасының өзгеруіне байланысты қазіргі таңда Түркістан қаласында 3 қазандық жұмыс істеп тұр. 15 жыл бойы осы салада нағыз маманға айналған Ерік, бұл жұмыстың қателікті кешірмейтінін айтады. Оның сөзінше, бұл сала жауапкершілікті қажет етеді. Қазаншының жұмысын көбісі оңай деп ойлайды, тіпті жақындарынан да осындай пікірлер естиді. Бірақ ол бұл қызметті атқару үшін ең алдымен үлкен жауапкершілік пен төзім қажет екенін айтады. Тіпті кішкентай қателік жіберудің өзі үлкен қауіпке әкелуі мүмкін.
.jpeg)
Түнгі кезекшілік кезінде қазандықта жұмыс қыза түседі. Кейде шаршағандықтан еріксіз қалғып кететін сәттері де болады. Еріктің айтуынша, бұл жұмыс үшін ең маңызды нәрсе – қазаншы мен электриктың тығыз жұмыс істеуі.
Қазаншы мен электрик бірлесіп жұмыс істемесе, бәрі бекер, – дейді ол.
Түннің тыныш өтуі – ең үлкен бақыт
Ол 32 жасында жылу қазандығына жұмысқа тұрып, бүгінде 50 жасты еңсерді. Бүгінде оның бар тілегі – түннің тыныш өтуі.
Әкем үнемі ағаш бір жерден көгереді деп айтып отырушы еді. Бұл өсиет менің болмысыма сіңіп кеткен сонша, өмірде қанша қиын сәттер мен ауыр күндер болса да, шыдамдылық таныттым. Өз жұмысыма адал болдым. Қазаншыға түннің тыныш өтуі – ең үлкен бақыт, – дейді Ерік.
Ерік қазіргі таңда жеті баланың аяулы әкесі. Кезінде отбасылық жағдаймен оқуға түсе алмай қалған.
Өзім оқымадым, балаларымды оқыттым, - дейді қазаншы.
Қазаншыдан қазбашыға дейін
Көктем келгенде, Ерік жылудағы маусымдық жұмысынан ақысыз демалысқа шығады. Алайда бұл демалыс ол үшін тек тынығу емес, жаңа қызығушылыққа жол ашатын уақытқа айналған. Себебі ол Түркістанға келген тарихшы-археологтармен бірлесіп, қазба жұмыстарын жүргізуге көмектесетінін айтады. Алғашында тек қосымша қаржы табу үшін барған. Бірақ уақыт өте келе бұл жұмыс оған ұнап, шабыттана бастаған. Қазба жұмыстары кезінде құнды жәдігер табу сәті ерекше сезім екенін айтады.
Мен ол сезімді сізге айтып жеткізе алмаймын, - дейді ол.
Ерік үшін бұл тек хобби емес, оның жаңа өмірлік бағытына айналған. Қазба жұмыстарындағы әрбір табылған тарихи жәдігер оның әлемді тануға деген құштарлығын одан сайын арттырған.
Мүмкін, оқығанымда археолог болар ма едім, - дейді Ерік.
Ерік үшін қазаншы болу – бұл тек жұмыс емес, үлкен жауапкершілік, таудай төзімнің нағыз сыналар аймағы. Ал тарихи қазба жұмыстарымен айналысу арқылы ол жан қалауын тапты. Екі түрлі сала, екі түрлі әлем, бірақ екеуінде де ортақ бір нәрсе бар. Ол еңбекқорлық. Екі салада да Еріктің құштарлығы мен ұстанатын қағидасы бірдей. Қызыл-жасыл оттағы жылу мен қазба жұмысы бүгінде өмірінің мәніне айналған.
Лия Сауытова