Кеше Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін сатып алынған 120 пәтерлі 60 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сыр өңірінде барлық саладағы бастамалардан, қолға алынған жобалардан, олардың іске асу қарқынынан Президентіміздің, Үкіметтің қолдауын анық көруге болады.Қызылорда қаласында 215 млрд.теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде "Акса Энерджи" түрік компаниясы құрылысқа 115 млрд.теңгеден астам инвестиция салды. Орталық келер жылы қыркүйек айында ел игілігіне табысталады. Мемлекет басшысының қолдауымен аймағымыздағы құрылыс қарқыны артып келеді. Облыс, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да сәулетті ғимараттар, түзу көшелер, нақтылай айтсақ, 123 млрд. 400 млн. теңгеге 81 әлеуметтік нысан бой көтеруде, 58 млрд. 900 млн. теңгеге 332 мың шаршы метр, 452 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иегері Айтбай Көшербаев батасын берді.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, жиналған жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.