Қаза тапқан полицейлердің балалары конкурстан тыс курсант атанды

27 Шілде 2023, 10:18
582
Бөлісу:
Қаза тапқан полицейлердің балалары конкурстан тыс курсант атанды
Фото: BAQ.KZ - архив

14 “Алтын белгі” иегері және ІІО-ның қаза тапқан қызметкерлерінің балалары конкурстан тыс ІІМ жоғары оқу орындарының курсанты атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомстволық бакалавриаттың артықшылығы – тәжірибе мен теориялық білімнің қатар жүруі. Осыған байланысты биыл ІІМ бастамасымен және Мемлекет басшысының қолдауымен Алматы және Қостанай академияларында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабылдау қайта басталды.

Жаңа ережеге сәйкес ведомстволық оқу орындарына конкурстан тыс қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары және шекті балл деңгейін жинаған ҚР Ұлттық ұланы қатарында мерзімді әскери қызмет өткергендер, “Алтын белгі” иегерлері және ҰБТ-да кемінде 100 балл жинаған талапкерлер түсе алады. 

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметкерлерді іріктеу және даярлау сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес полиция ведомствосының жоғары оқу орындары үшін білім беру бағдарламаларының тізбесі кеңейтілді. Енді оқыту жедел-іздестіру, әкімшілік-құқықтық, жедел-криминалистикалық, қылмыстық-атқару қызметі, сотқа дейінгі тергеу, ІТ-криминалистикалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік, ақпараттық жүйелер мен технологиялар, педагогика және психология сияқты бағыттар бойынша жүргізіледі. 

17-26 шілде аралығында ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу үшін өтінімдер қабылдау және конкурстық іріктеу өтті. Іріктеуге Алматы, Қарағанды және Қостанай академияларындағы 800 орынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500 талапкер қатысты. 

Айта кету керек, биыл ЖОО-ға түсудің барлық процесі алғаш рет ата-аналар мен талапкерлердің жақындары үшін ашық болды. 

Біз бәрі адал өтті деп нақты айта аламыз. Мұндайды бұрын-соңды көрген емеспіз. Талапкерлерді қабылдау науқанының ұйымдастырылуы мен форматы өте жақсы, – деді ата-аналар. 

Конкурстық комиссия құрамында сарапшылар, танымал блогерлер, азаматтық қоғам өкілдері болды. Олар да жоғары оқу орындарына кандидаттарды іріктеудің ашықтығын атап өтіп, оң бағасын берді. Конкурстан тыс оқуға түскендердің арасында 14 “Алтын белгі” иегері, ҰБТ-да 100-ден астам балл жинаған 25 талапкер және қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің үш баласы бар. 

Сонымен қатар полицияның жоғары оқу орындарында білім алуға 49 спорт шебері мен үміткер, халықаралық және республикалық олимпиадалардың 16 жүлдегері өтінім берді. 

Болашақ тәртіп сақшыларының қатарына қосылған қыз-жігіттер енді өздері таңдаған мамандықтардың қыр-сырын жетік меңгеретін болады. Ал жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы өз кезегінде әрбір курсанттың нағыз маман және Отанына адал азамат болуы үшін бар күшін салады.

Өзгелердің жаңалығы