Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айында қайырымдылықпен жиі айналысып, оқырманына үнемі садақаның пайдасын айтып жүретін танымал блогер, экономист Дәулет Мұқаевтан сұрап білдік.
Бірінші кезекте, қайырымдылық сауап жинап, амал дәптеріне жақсы істер жазылу үшін ғой. Біздің дипломымыз, байлығымыз, материалдық құндылықтарымыз ана өмірге барғанда дым керек емес. Бізге керегі – жақсы істер мен амалдар жасау. Екінші кезекте қайырымдылық жасағанда адамның қуанышын, көз жасын көріп, жығылғанға жұдырық болмай, оған демеу, тіреу, сүйеу болып жатқан кезде өзің де жақсы энергия аласың, – дейді ол.
Одан бөлек, Дәулет Төлеутайұлы қайырымдылық жасап, зекет берсең, оның міндетті түрде бірнеше еселеп қайтатын ерекше қасиеті барын айтады.
Қайырымдылық жасап, садақа берсем, жарнамалық контактілер келіп, жоқ жерден бір компания хабарласып, «сізден жарнама алайын» деп жатады. Болмаса, қарыз алған досым не таныстарым қарыздарын қайтарады. Ол тек ақшаға байланысты емес, мысалы емтихан кезінде оңай сұрақтар келеді. Кейде кептеліспен бір жерге кешігіп жатқан кезде жолдың өзі ашылып, Алла сәтін салып қояды. Осының бәрі садақа бергеннен шығар деп ойлаймын. Өйткені садақаның ана өмірде де, мына өмірде де пайдасы көп. Мысалы, күнәларды кешіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жанды қуантады, мал-дүниеңді тазартады, ризықты арттырып, табысқа берекесін береді. Мұны қазақ «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп бір-ақ сөзбен айтқан ғой, – деді Дәулет Төлеутайұлы.
Осы орайда блогер оқырмандарының үнемі садақа берген соң орын алған қызықты оқиғаларымен бөлісіп тұратынын айтады.
Бір оқиға болды. Оқырманым жұма күні садақа береді. Сосын сенбі күні тойға бара жатып, Тараз – Шымкент тас жолында жол апатына ұшырайды. Сол кезде екі машина бір-бірімен соқтығысқанда қарсы машинадан төрт адам қайтыс болады. Ал садақа берген оқырманымның көлігінде тек көлік жүргізушінің аяғы ма, қолы ма сынады, көліктегі қалған адамдар дін аман. Сонда сол оқырманым маған «Осы хатты жылап жазып отырмын. Сіз садақа бәле-жаладан, апаттан сақтайды дегеніңіз есімде» деп хат жазып, осы оқиғаны баяндап береді. Оқырмандарымда мұндай оқиғалар көп, – дейді Дәулет Мұқаев.
Бірақ блогер садақа «мен осынша теңге берсем, ол маған қайтып келеді» деген арам оймен берілсе, ол ешқашан қайтпайтынын айтады.
Адамның садақаны қанша беретіні емес, қалай беретіні маңызды. Жаман ой, нашар ниетпен 100 мың, миллион берсең де қабыл болмай қалуы мүмкін, – дейді ол.