Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Smart Astana мобильді қосымшасында қайырымдылық ұйымдарының краудфандингтік платформасы іске қосылды.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова өзінің телеграм каналында хабарлады.
«Қазір қайырымдылық ұйымдарының краудфандингтік платформасын іске қостық. Сіздер тез әрі қауіпсіз түрде қайырымдылық жобаларының есебіне садақа бере аласыздар. Қорлар, бізге қош келдіңіздер», - деп жазды Малика Бектұрова телеграм каналында.
Оның айтуынша, Smart Astana қосымшасында 70-тен астам сервис пен қызмет бар.
Бұл бағдарламаның көмегімен дәрігердің қабылдауына жазылып, медицина қызметкерін үйге шақырып, өзінің салықтық мәртебесін біліп, денсаулығына байланысты жұмысқа уақытша жарамсыздығы туралы анықтаманың түпнұсқалығын тексеруге және т.б. сервистерді қолдануға болады.
Жаңа оқу жылының алдында Smart Astana бояулары дайын болды. Енді елорданың цифрлық мүмкіндіктері туралы суретті бояу арқылы білуге болады.
Оны жүктеу тегін, бұған қоса олар балабақшалар, мектептер, сауда орталықтары, емханалар, ауруханалар және т.б. жерлерде қолжетімді болады.