Мақтаарал: ҚХА ұйымдастырған 180 тонна қайырымдылық керуені келді

13 Мамыр 2020, 16:13
2759
Бөлісу:
Мақтаарал: ҚХА ұйымдастырған 180 тонна қайырымдылық керуені келді
PHOTO
Фото: дереккөз

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мақтаарал ауданына Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған 20 жүк көлігіне артылған гуманитарлық көмек келіп жетті. Оның ішінде Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа да тұрмыстық заттар бар. 

Алматы қаласынан басталған жүк керуені "Металл Пром Групп" ЖШС аумағында жасақталды. Кеше жолға шыққан керуенді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ақжол тілеп, шығарып салды. 

WhatsApp Image 2020-05-13 at 15.47.46.jpeg

Таңертең келіп жеткен керуен құрамында Алматы өзбек этномәдени бірлестігі, Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени бірлестігінің филиалы, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қазақстан Дүнген қоғамының Алматыдағы филиалы, "Ахыска" түрік этномәдени бірлестігі бар. Қайырымдылық керуенін Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай бастап келді. 

Мақтаарал ауданы, Атакент ауылында орналасқан қоймаға келіп жеткен жүк керуені бірінен соң бірі кіріп жатты. Жіберілген көмекті Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Балабиев пен Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков күтіп алып, алматылық ағайындарға зор алғыстарын білдірді. 

WhatsApp Image 2020-05-13 at 15.47.48.jpeg

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Балабиевтың айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясының керуені республика көлемінде "Біз біргеміз" акциясы аясында өтіп жатыр. 

Қадірменді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері! Сіздерге біздің Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы халқының атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ халқымен біргеміз деп Елбасымыз бастаған, оның ішінде бірінші орынбасары, кезінде біздің облысымызда әкім болған Жансейіт Түймебаев және осы Қазақстанның барлық ұлт өкілдері ұйымдастырған екінші толқын 20 үлкен жүк көлігі келді. Онда 180 тонна азық-түлік пен қажетті заттар, құрылыс материалдарын жеткізіп отырған барлық Қазақстанның ұлт өкіліне басымызды иіп, рахмет айтамыз. Мақтааралдықтар сіздердің көмектеріңізді қуанышпен қабылдады, - деді Қайрат Балабиев.   

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты аудан халқына көмек беріп жатқан облыс әкімі мен жергілікті билік өкілдері, өңірдегі кәсіпкерлер де қолдарынан келгенше көмектесіп, жағдай жасап жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, зардап шеккен барлық отбасына тіпті он бала болса да бір миллион теңгеге дейін қаржы бөлінгенін, қазіргі таңда үйлерін топан су басып қалған тұрғындарға үй салуды бастап кеткенін айтты. Бұдан бөлек, мал шығыны мен еккен егінінің де табысы есептеп берілетінін баяндай кетті. 

Біз көпұлтты мемлекет болсақ та біргеміз. Қордай ауданындағы дүнгендердің өзі бірінші болып азық-түлік жіберетін ниетін білдірді. Барлық ұлт өкіліне рахмет айтамыз. Біз қай ұлт болса да осылай көмек беруге дайынбыз. Бұл мемлекеттік саясат, бұл Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың саясаты. Кеше Ассамблеяның орынбасары Жансейіт Түймебаев Алматы қаласынан шығарып салды. Нұр-Сұлтан қаласынан карантинге байланысты келе алмаса да керуен жеткенше қайта-қайта хабарласып, біздерге ыстық сәлемін жеткізді. Ол кісі кезінде Мақтаарал ауданын екіге бөлген, ауданға сіңірген еңбегі үлкен. Апаттан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Өзбекстан Үкімет басшысы А.Арипов келіп, салынып жатқан үйлердің іргетасын қалап кетті. Ол үйлер екі-үш айда бітіп, аудан халқы өз баспанасына кіретін болады. Біз әруақытта біргеміз, сіздерге рахмет, - деді облыстық мәслихат депутаты Балабиев.   

Айта кетейік, Мақтааралдағы қоймаға бүгін бір ғана Алматы облысының өзінен 200 тоннадай жүк келіп жетті. 

Құрметті бауырлар, Елбасымыз Қазақстан халқы ассамблеясының бір сессиясында "Қазақстан халқы 18 миллион, ассамблея дегеніміз осы" деп айтқан еді. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді ғой, мақтааралдықтардың басына түскен осы ауыртпашылықты бүкіл ел болып бірлесіп көтеріп жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан көмек ағылып келіп жатыр. Бүгін біз Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, осы Түркістан облысы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласынан тұрғындарға 16 жүк көлігімен 180 тоннадан астам азық-түлік, құрылыс материалдары бар, бірінші кезекте қажетті бұйымдарды алып келіп отырмыз. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері сіздермен бірге. Шын ниеттерімен қолдау көрсетіп отыр. Осы апат орын алған жағдайда бірден Шымкент қаласындағы Достық үйінде гуманитарлық көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып жұмыс істей бастады. Әлі де қаржылай қолдаулар түсіп жатыр. Керуенді осы жаққа жөнелтіп отырған ҚХА орынбасары Ж.Түймебаевтың өзі келіп қатыса алмады. Себебі, карантин, ұшақтар, әуежайлар жабық.. Біз сіздерге сол ыстық ықыласты арқалап келіп отырмыз. Сондықтан Ассамблея мүшелерінің көмегін қабыл алыңыздар. Біз әрқашан сіздермен біргеміз. Алдағы уақытта бұл көмек жалғасады. Алматы облысының өзінен 200 тоннадай жүк келді, ешкім қалыс қалып қойған жоқ. Ертеңгі күнге деген сенімдеріңіз ешқашан жойылмасын, - деді Алматыдан келген керуен басшысы Тұрсынбайұлы.   
WhatsApp Image 2020-05-13 at 15.47.46 (1).jpeg

Қойма жанында жүк түсірілмес бұрын сөз алған Қазақстан Республикасының "Дустлик" өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов Ассамблея ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін қалыптастырғанын, Мақтааралға келіп жеткен көмек этностардың ауызбіршілігін, "Мәңгілік ел" идеясының нағыз көрсеткіші деп екенін айтып өтті. 

Кеше сағат онда Алматы қаласынан шыққан керуен бүгін Мақтаарал ауданының Атакент ауылына барлық тиелген жүктерін түсірді. Мұнда біріншіден халыққа қажетті заттардың барлығы әкелінді. Бұл ҚХА қарамағындаы барлық этностың атынан келіп отырған керуен. Бұл ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін қалыптастыруға өзінің үлкен септігін тигізеді. "Апат айтып келмейді" дейді дана халқымыз. Сардобада болған су қоймасынан шыққан топан су көршілес мемлекет Өзбекстан, сонымен бірге Мақтаарал ауданының бірнеше ауылдарын басып қалды. Біздің тұрғындардың зардап шекеннін БАҚ арқылы бәрін көріп біліп отырдық. Зиялылар бірлігі, ел бірлігі дейді. Ал ел бірлігі - ең асыл қасиет. Осы зиялылар бірлесіп, кеше Алматы қаласынан осы 18 фураны Жансейіт Түймебаев жолға шығарып салып, ақ батасын берген болатын. Бір тәулік жүріп келген жүргізушілерге де рахметімізді айтамыз. Біз заттарды көбіне ең қажетті деген тізімге қарап әкелдік. Қайырымдылық көмекке қарапайым халық көбірек көмек берді. Әр қайғының арты бір жақсылыққа жалғасады ғой. Мақтааралдықтардың басына түскен қайғы ұмытылып, жақсы күндерге ұласа берсін. Қазақ елі Орта Азияда басымдылыққа ие мемлекетке айнала берсін. Біз әрқашанда көмек беруден шаршамай сіздердің қастарыңыздан табылайық, - деді Хашимжанов. 

Айта кетейік, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері шырайлы шаһар тұрғындарының Мақтааралға 10 миллионға жуық керекті заттарды үш күн ішінде жинағанын ерекше атап өтті. Көмек қолын созғандар төсек-орын, кереует, балалардың ойыншығы, кеңсе тауарларына дейін әкеліп берген. Айтуларынша, жергілікті тұрғындар, демеушілер, бизнесмендер өз ризашылықтарымен көмек қолын созуға асыққан. 

2 мамыр күні орын алған осындағы жағдай әрбір қазақстандықтың басына үлкен ой салды. Былтыр Арыстағы оқиға барысында да Қазақстан халқы өздерінің бірге екенін көрсеткен болатын. Мақтаарал ауданына соңғы күндері ағылып келіп жатқан жүк көліктері де әрбір қазақстандықтың осындай апатқа бейжай қарай алмайтынын көрсетіп отыр. Ассамблея Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылған орган. Кеше Жансейіт Қансейітұлы Алматыдан шығарып салған 20-ға жуық жүк көлігі келіп жетті. Бір айта кететін нәрсе, қайырымдылық көмекке қарапайым халықтың, бизнесмендердің де қосқан үлесі көп болды. 18 млн қазақ бір мемлекет, бір ұлт екенімізді көрсетті. Келген қонақтарға, атсалысып отырған барша әріптестерімізге мың алғыс. Біз біргеміз. Еліміз дами берсін, жоғарылай берсін, - деді Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов. 

Ассамблея әкелген жүктер қойманың ауласын толтырып жіберді. Бірінен соң бірі кіріп жатқан жүк көліктеріне жергілікті тұрғындар риза болып жатты. Өз кезегінде "Вайнах Жамбыл облыстық шешен-ингуш мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рамзан Магомадов ауданда болған апаттың халықты ыдыратпай керісінше біріктіріп отырғанын алға тартты. 

Біз Жамбыл облысының өкіліміз. Облыс атынан сіздерге алғыс айтамыз. Бүгін баршамызды Мақтаарал ауданында болған тасқын су апаты біріктірді. Барлық ассамблея мүшесі көмек көрсетіп жатыр. Біз шешен ұлты неге көмекке асықтық. Себебі, күні кеше қазақ жеріне келген шешендіктерді жергілікті халық қиын кезде қабылдап, өз қамқорлығына алған халық. Біз аудан халқының тұрғындарына сабыр, шыдам тілейміз. Қиындықты бірге еңсереміз, - деді Магомадов.  

Еске сала кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын 4 мамырда бастап кеткен болатын. Жалпы, этномәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн 325 мың теңгені құрады.

Өзгелердің жаңалығы