Бұл туралы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов «Қайырымдылық керуені» форумының ашылу салтанатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біртұтас халқымыздың береке-бірлігін арттыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға бағытталған іс-шараның бірі Қазақстан халқы ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» форумы. «Қайырымдылық керуені» біздің дәстүрлі жобамыз. Жыл сайын осы уақытта қайырымдылық көрсеткен және алған жандарды мадақтаймыз. Бүгін қайырымдылық жасаушылардың ізгі ниеті мен жомарт жүрегіне құрмет көрсетеміз, - деді ол.
Сондай-ақ Марат Әзілханов қайырымдылық акциясының жылдық қорытындысымен бөлісті.
Биыл акцияны республика бойынша өткізу нәтижесінде біз 250 мың қазақстандыққа жалпы көлемі 1,7 миллиард теңге көмек көрсеттік. Әрбір 1000 санының артында нақты бір адам, отбасы тұр. «Мектепке жол» акциясының аясында ғана балаларға 153 миллион теңге көлемінде көмек көрсеттік. Ассамблея Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге де 47 миллион теңге көлемінде көмек берілді, - деді Әзілханов.
Ол Қазақстан халқы ассамблеясы «Қайырымдылық керуені» арқылы инклюзивті балаларға қолдау көрсететінін де атады.
Біз көмекке мұқтаж әрбір жан мемлекет пен қоғамның қолдауын сезінетіндей қоғам құрып жатырмыз. Әділетті Қазақстан, ең алдымен, инклюзивті Қазақстан. «Қайырымдылық керуені» жобасының аясында біз қоғамның назарын балалардың өнері мен шығармашылығына аударамыз. Осы орайда, 40-тан аса құлағы естімейтін және нашар еститін балалардан құралған СҚО Sensitive би ансамблін ерекше атап өткім келеді, - деді ол.
Айта кетейік, іс-шара аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру жағдайлары мен денсаулығына қамқорлық көрсетіп, қайырымдылық жасағандар Қазақстан халқы ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды.