Алматыдағы №4 клиникалық ауруханада мультиорганды донорлық операция сәтті өтіп, қайтыс болған донордың жүрек, бауыр және екі бүйрегі төрт адамның өмірін құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Донор – 1967 жылы туған ер адам. Дәрігерлер оның ми өлімін тіркегеннен кейін, туыстарының келісімімен жүрек, бауыр және екі бүйрегін алу шаралары ұйымдастырылды.
Орындалған трансплантациялар:
Жүрек – 1967 жылғы пациентке (Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты);
Бауыр – 1967 жылғы пациентке (А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы);
Оң бүйрек – 2006 жылғы реципиентке (Сызғанов орталығы);
Сол бүйрек – 1990 жылғы пациентке (Сызғанов орталығы).
Бүгінде Қазақстан бойынша күту парағында 4521 пациент бар, оның ішінде 106 бала. Ал 2025 жылдың алғашқы 10 айында 272 адам донор табылмағандықтан қайтыс болған. Бұл – күн сайын кемінде бір адам өмірден айырылып жатыр деген сөз.
Биылғы 12 айда қайтыс болған донорлардан небәрі 14 донорлық операция жасалып, 60 транcплантация ғана жүзеге асқан.
Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Айдар Сітқазинов бұл донор отбасының шешімі қаншалықты үлкен ерлік екенін атап өтті.
Әрбір донорлық жағдай – дәрігерлердің, координаторлардың, зертханалар мен санавиацияның үлкен бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бірақ ең басты шешім – донор отбасының таңдауы. Олардың ерлігі арқасында жылдар бойы күткен адамдар қайта өмірге келді. Қазақстанда әлі де трансплантацияға мұқтаж науқастар өте көп. Әр күн сайын біз көмектесе алатын бір адамды жоғалтып отырмыз. Әрбір құтқарылған өмір – бұл медициналық жеңіс қана емес, адамдарға берілген жаңа мүмкіндік, – деді ол.