Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
Қазіргі таңда ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан С. Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елді мекендерге қатынап оқиды.
Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады.
Бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салу, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.
Активтерді қайтару: жаңа мектеп құрылысы Атырау облысы Жамансор ауылындағы мектеп мәселесін шешеді.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында мектеп құрылысына 2 млрд теңге бөлу жергілікті балалар үшін орта білімге қолжетімділік мәселесін шешеді.
Қазіргі уақытта ауылда тек бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Оқу жалғастыру үшін ата-аналар балаларын көршілес аудандарға апаруға мәжбүр. Жаңа мектепте балалардың сапалы білім алуы үшін барлық талапқа сай жағдай жасалады.
Бізде тек бастауыш сыныптарға арналған мектеп қана бар. Оны аяқтаған соң, оқуын жалғастыру үшін балаларымызды басқа аудандарға тасуға мәжбүр болдық. Біздің ауылда жаңа мектептің салынатыны туралы жаңалық біз үшін үлкен қуаныш, - дейді Жамансор ауылының тұрғыны Алмагүл Аманова.
Сондай-ақ, Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Жамансор ауылының балалары көрші ауылдарға бармай-ақ бастауыш сыныптан кейін оқуын жалғастыра алады.
Жамансор ауылында мектеп жасында 195 бала бар. Бастауыш сыныптар мен дайындық топтарында 64 бала оқып жатыр. Жоғарғы сынып оқушылары Атырау мен Құлсары қалаларының, Мақат және Мұқыр ауылдарының интернаттарында оқиды. Ата-аналар балаларды аптасына екі рет оқуға апаруға мәжбүр. Жаңа ғимарат пайдалануға берілген соң барлық оқушы өз ауылында оқитын болады.
Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Жаңа мектеп салынғаннан кейін мұғалімдерге қосымша жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ біз өз интернатымызда Жамансор елді мекеніне жақын Кенбай ауылының балаларын орналастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Қызылқоға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қанат Алпанов.