Қайтарылған активтерді басқаратын компания құрылады

1 Тамыз 2023, 08:30
698
Бөлісу:
Қайтарылған активтерді басқаратын компания құрылады
Фото: Артём Чурсинов

Қазақстанда қайтарылған активтерді басқаратын компания құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылсын, - делінген қаулы жобасында.

Серіктестіктің негізгі мақсатына "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының заңында және басқа да заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақтау, өткізу жұмыстары кіреді.

Мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншікке алу, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын қамтамасыз ету және күтіп ұстау, активтерге иелік ету, Арнайы мемлекеттік қорға активтерді сатудан түскен қаражатты аудару басқарушы компанияның міндеттеріне жатады, - делінген құжатқа түсіндірме жазбада.

Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлудің қажеті жоқ.

Еске салайық, 12 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы