Активтерді қайтару: Қызылорда 4 млрд теңгеден астам қаржыға сумен жабдықталады

Бүгiн, 08:42
235
Бөлісу:
Активтерді қайтару: Қызылорда 4 млрд теңгеден астам қаржыға сумен жабдықталады
Фото: www.gov.kz

Қайтарылған активтердің 4 млрд теңгеден астамы Қызылорда облысындағы сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын аяқтауға бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет елге қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызды инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларды іске асыруда.

Қызылорда облысының Арал ауданында сумен жабдықтау жүйесін салуға және жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 4,2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. 3 мыңнан астам халқы бар Тоқабай және Абай ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Арал–Тоқабай–Абай магистралі тармағының құрылысы жүргізілуде. Жобаның іске асырылуы 2021 жылы басталған. Оны аяқтау үшін қосымша 3,7 млрд теңге қажет. Қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.

Нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Шамамен 400 тұрғыны бар Ақбасты ауылында Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қосман–Ақбасты магистралі тармағының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның құны – шамамен 2,4 млрд теңге, оның 1,8 млрд теңгесі игерілген. Қалған 524 млн теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Нысанды биыл іске қосу жоспарлануда.

Осы жобаларды іске асыру сапалы суға тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға жағдай туғызады. Сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғырту Үкімет жұмысының маңызды басым міндеттерінің бірі болып саналатынын атап өту қажет. Іс-шаралар Мемлекет басшысының қалалар мен ауылдарды ауыз сумен 100% қамту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы