Қайтарылған актив қаржысына жатақхана салу – басты мәселені шешеді

Бүгiн, 08:40
204
Бөлісу:
Қайтарылған актив қаржысына жатақхана салу – басты мәселені шешеді
Фото: видеодан кадр

Шымкент қаласындағы Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері үшін 300 орындық жатақхана салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан осы мақсаттарға 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Осының арқасында жатақханада орын тапшылығы мәселесі шешіледі. Қазіргі жатақхана тек 120 адамға арналған, оқушылар саны – 363, ал 67 оқушы үйде оқуға мәжбүр.

Бұл жердегі ең қиын мәселе – жатақхана. 120 балаға арналған ғимаратта 360 бала оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар оқып, тұрып жатыр. Мәселені шешу үшін 300 орынға есептелген жатақхана құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Ғимарат қосымша үй-жайлармен жабдықталады, - деп атап өтті Шымкент қаласы білім басқармасының маманы Ерлан Пірімқұлов.

Ал ата-аналар болса, заманауи жатақхана салу ерекше балаларға арналған мекеменің басты мәселесін шешеді деп отыр.

Менің ерекше балам үшінші сыныпта оқып жатыр. Егер мұнда заманауи жатақхана салынса, барлық ата-ана алғысын білдірер еді. Мемлекет тарапынан бүгінгі таңда бұл білім беру мекемесіне қолдау көрсетіледі, қажетті жабдықтар, жақсы оқу-әдістемелік база бар. Мұндағы мәселе тек жатақханадағы орындардың жетіспеушілігінде. Осы қажеттілік жақын арада шешіледі деп үміттенеміз, - дейді Шымкент қаласы "Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі" тәрбиеленушісінің анасы Дилнора Хаджиметова.

Өзгелердің жаңалығы