Қазақстанда елге қайтарылған активтер қаражаты есебінен әлеуметтік нысандар салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс Атырау облысында да қолға алынған. Қазір мұнайлы өңірде осы ақшаны бағыттаудың арқасында екі мектеп жұмысы басталды. Білім ордаларының бірі қаланың өзінде, екіншісі Қызылқоға ауданының Жамансор ауылында, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу ордасының бірі облыс орталығында, яғни Атырау қаласының іргесіндегі "Бірлік-2" ауылында бой көтеруде. 600 балаға шақталған бұл мектеп құрылысы 2022 жылдың маусым айында басталған. Қазір бұл жобаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Жұмыс осы жылдың аяғына дейін бітіп, мектеп балалар игілігіне беріледі.

Бұл мектеп құрылысы облыс бойынша оқу ордаларындағы орын тапшылығы мәселесін біртіндеп шешіп, балалардың үйіне жақын маңға қатынап білім алуларына септігін тигізеді. Сондай-ақ осы жұмыстың арқасында оқушылардың қазір білім алып жатқан мектептерінде жүктеме де азаяды. Бұл білім сапасына, процесіне де әсер ететіні анық. Бірлік ықшам ауданында қазір 2 мыңнан астам адам тұрады. Соңғы жылдары халық санының әлдеқайда артқандығы да байқалады, - дейді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
"Бірлік-2" ықшам ауданындағы мектеп құрылысын "ТаразҚұрылысИнвест" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр.
Актив ақшасына ашылатын тағы бір мектеп Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында. Оған 85 827 333 теңге бағытталған. Іргетасын қалау 2025 жылдың маусым айында, яғни жуырда ғана басталыпты. Соған қарамастан жауаптылар жұмысты биыл, яғни 2025 жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мектептің өзі 80 орындық болса, қосымша оның 30 балаға шақталған интернаты да болады.
Жалпы қаралған қаржысы 85 млн теңгеден асады. Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 500-жуық адам тұрады. Осы уақытқа дейін ондағы балалар мектеп тапшылығын көріп, білімді көрші ауылдарға барып алып жүрді. Жаңа мектеп құрылысы аяқталғанда бұл проблема түбегейлі шешімін табады. Мектептің қасында бой көтеретін интернаттың арқасында көршілес шағын ауылдардағы оқушылар керісінше осы Жамансорға келіп, интернатта тұрып оқи алатын болады, - дейді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Жамансордағы бұл мектеп пен интернат құрылысына жауапты мердігер компания "Clima Eng" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жоспар бойынша негізі Атырау облысында мемлекетке қайтарылған актив қаражаты есебінен денсаулық сақтау, білім беру және сумен жабдықтау салаларында бір нысаннан салынады делінген еді. Алайда әзірге жұмыс тек білім саласы бойынша ғана басталған. Медицина мен сумен жабдықтауға қатысты жобалардың нақты қай уақытта қолға алынатыны белгісіз. Оған қазынадан қанша қаржы бағытталатыны да әлі нақтыланған жоқ.

Десе де қазір салынып жатқан мектептер облыстағы білім саласына айтарлықтай көмегін тигізеді. Аймақта білім ордасының тапшылығы жоқ емес. Үш ауысымды мектептеп мен апатты оқу ордаларының түйіткілді түйіні түбегейлі шешілмей тұр.
Айта кетсек қазір мұнайлы өңірде 10 апатты және 6 үш ауысымды мектеп бар. Апатты нысанның мәселесін былай қойғанда, 3 ауысымды білім ордаларында оқитын балаларға жеткілікті деңгейде жағдай жасалмайды. Оқушылар кабинеттерге қыстырылып отырады, асхана, спорт залы сынды орындарға мүлдем сымайды деп жергілікті ата-аналар үнемі шағымданады.
Атап өту керек, өңірде актив қаржысынан бөлек бюджет қаржысына, демеушілер есебінен салынып жатқан мектептер мен балабақшалар да бар.