Бүгін, 18 қыркүйекте Алматының “Қайрат” футбол клубы тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетуді бастайды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы ойында “Қайрат” Португалияның “Спортинг” клубымен кездеседі. Топтық кезеңнің бірінші тур матчы Лиссабонда орналасқан “Жозе Алваладе” стадионында өтеді. Кездесу жергілікті уақытпен сағат 20:00-де, ал Қазақстан уақытымен түнгі 00:00-де басталады.
Екі команда да өз елінің чемпионы атанып, басты еуропалық турнирге жолдама алған: “Қайрат” өткен маусымда Қазақстан чемпионы атанды (төртінші рет), ал “Спортинг” қатарынан 21-ші рет Португалияда чемпион болды.
Еске салсақ, топтық кезеңге дейін “Қайрат” төрт іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті: Словенияның “Олимпиясын”, Финляндияның “КуПС-ын”, Словакияның “Слованын” және Шотландияның “Селтигін” жеңді. Бұл – клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі сеткасына шығуы.
Португалияның “Спортингі” еурокубоктарға қатарынан 11-ші маусым қатысып отыр. Өткен маусымда команда плей-офф раундына дейін жетіп, “Боруссия Дортмундтан” ұтылған.
Ағымдағы жағдай бойынша: Қазақстан чемпионаты “көктем-күз” жүйесімен өтеді, ал “Қайрат” маусымның соңына таяп қалды. 22 ойыннан кейін 49 ұпай жинап, көш бастап келеді. Соңғы кездесулерде алматылықтар “Селтикті” және ел чемпионатындағы екі қарсыласын (“Оқжетпес” пен “Ақтөбені”) бірдей 1:0 есебімен ұтты.
Португалияда чемпионат “күз-көктем” жүйесімен жаңа ғана басталды. “Спортинг” бес ойында төрт жеңіс, бір жеңіліс алып, доп айырмасы 15:4 нәтижесімен 2-орында тұр. “Порту” 15 ұпаймен көш бастап келеді. Соңғы турда лиссабондықтар “Фамаликанды” 2:1 есебімен жеңді.
“Қайраттың” ең қымбат ойыншысы – Қазақстан жасөспірімдер құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сатпаев, оның трансферлік құны 1,8 млн еуро деп бағаланған. “Спортингтің” ең қымбат футболшысы – капитаны, даниялық жартылай қорғаушы Мортен Юльманн, ол 50 млн еуроға бағаланған. Жалпы алғанда, “Спортинг” құрамының құны 434 млн еуродан асады, ал “Қайраттікі” шамамен 12,5 млн еуро.
Айта кетсек, “Ақтөбеге” қарсы матчта жарақат алған “Қайрат” қақпашысы Темірлан Анарбеков “Спортингке” қарсы ойынды өткізіп алады. Ол Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында өткен "Ақтөбе" мен "Қайрат" арасындағы ойында жарақат алып, алматылық клубтың қақпашысын жасыл алаңнан зембілмен алып кетті. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің айтуынша, оның қалпына келуі екі айға жуық уақыт алады.
Сондай-ақ, маусымның бірінші жартысында негізгі қақпашы болған Александр Заруцкий де әлі ем қабылдауда. Алдағы ойында 18 жастағы Шерхан Қалмұрзаның ересектер құрамындағы дебюті күтілуде.