“Қайраттың” португалиялық қорғаушысы Луиш Мата Cadena SER басылымына берген сұхбатында алматылық клубтың аты аңызға айналған “Реалға” қарсы ойын алдындағы көңіл-күйі туралы айтты, деп хвбарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ертең “Қайрат” Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде мадридтік “Реалмен” кездеседі. Ойын Алматыда өтеді.
Біз “Реалға” қарсы ойнайтынымызға өте қуаныштымыз. “Қайраттың” Чемпиондар лигасындағы барлық матчтары ерекше болады. Бірақ ең көп чемпиондық кубоктарға ие клубпен кездесу – шынымен де тарихи оқиға. Бұл ойынды он-он бес жылдан кейін де балаларыммен бірге еске алатын боламын. Біз тарих жасағымыз келеді, – деді Мата.
Оның айтуынша, алматылықтар футболды ерекше жақсы көреді және мұндай матч олар үшін нағыз мереке болмақ.
Футболшы алдағы ойында “Қайраттың” пайдасына әсер етуі мүмкін жайтты да атап өтті.
Мұнда бәрі басқаша, біз таудамыз, ауа Мадридтегідей емес. Еуропалық командаларға мұндай жағдайда бейімделу қиынға соғады. Біз мұны артықшылық ретінде қолданамыз. Өз алаңымызда ойнаған бізге ыңғайлы, – деп бөлісті ойыншы.
Айта кетейік, өткен түнде Алматы әуежайына испандық "Реал Мадрид" футболшылары қонған ұшақ келіп жетті. Әлемге атақты футболшыларды Алматы әуежайында қазақы қонақжайлықпен қарсы алды.
30 қыркүйекте қазақстандық "Қайрат" пен мадридтік "Реал" матчы өтеді. Кездесу Алматының Орталық стадионында сағат 21:45-те басталады.