Қайрат Боранбаев Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып қайта сайланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жариялады. Оның кандидатурасын паралимпиадалық федерация өкілдері қолдады.
Бұл мен үшін өте жауапты қызмет. Еліміздегі паралимпиада ойындарының дамыту бойынша ауқымды стратегиямызды іске асыру жолындамыз. Соңғы жылдары жеткен жетістіктерімізге қарамастан, жоспарымыз көп, - деп жазды ол.
Оның айтуынша, қазір Парижде өтетін паралимпида ойындарына дайындық жұмыстары басталған. Жыл соңында Астанада жаңа жаттығу орталығының құрылысы басталмақ.
«Тарлан» инклюзивті мұз айдынын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек паралимпиадашыларға арналған заманауи тренажерлер сатып алынады, - деді Қайрат Боранбаев.
Айта кетейік, Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ «газды импорттауға жұмсалған қаражатты жымқырды» деген айыппен кінәлі деп танылып, Боранбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
14 қыркүйек күні ҚМА Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңге қайтарғанын мәлім етті. Кейін Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару шаралары қабылданып, жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Кейін тағы тағы мемлекетке 30 млрд теңге қайтарды.
Қазан айынды мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. 19 қазан күні Боранбаев өзінің кен орнын, компаниясын және зауытын мемлекет меншігіне берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың арызы қанағаттандырылып, түрмеден босатылып, пробациялық бақылауға алынатыны айтылған болатын.