Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өңірлердің 2019 жылдың қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін айтты.
"Өнеркәсіп бойынша 3 облыс артта қалып келе жатқан өңірлердің қатарында. Атап айтсақ, Қызылорда (-9,6%), Батыс Қазақстан (-3,8%) және Маңғыстау (-1,4%) облыстары. Бұл өңірлерде мұнай және газконденсатын өндіру қысқарған. Ауыл шаруашылығы бойынша барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілген. Айтарлықтай ұлғаюды Ақмола облысы (11,1%) көрсетіп отыр. Құрылыс бойынша теріс серпін Шымкент қаласында(-34,4%), Маңғыстау облысында (-30,4%) және Нұр-Сұлтан қаласында (-12,5%) сақталуда", - дейді Дәленов.
Оның айтуынша, бірқатар өңір бірнеше көрсеткіш бойынша жақсы серпін көрсетуде. Бұл өнеркәсіп, өңдеу, кен өндіру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестициялар салалары бойынша.
"Қостанай облысында 6 көрсеткіш, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында – 5 көрсеткіш, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында – 3 көрсеткіш жоғары өсуді көрсетуде. Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары бойынша бірнеше көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады", - дейді министр.