Алматыда дәрігерлер сәбидің ішегінен 59 магнит алып шықты

Бір күнде үш бала магнит жұтып, оларға шұғыл ота жасалды.

8 Қыркүйек 2026, 20:04
АВТОР
 Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы 8 Қыркүйек 2026, 20:04
8 Қыркүйек 2026, 20:04
221
Фото: Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы

Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне бір күнде магнитті шарик жұтып қойған үш бала жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мамандардың айтуынша, магниттер ағзаның ішінде бір-біріне тартылып, ішек қабырғаларын зақымдай алатындықтан, әрбір жағдай шұғыл медициналық көмекті талап етеді. Оның соңы кейде баланың өміріне қауіп төндіретін ауыр жағдайға әкеледі.

Балалардың ең кішісі небәрі екі жаста. Ол сағат 14:33-те іші ауырып, нәжісі қарайып жеткізілді. Кейін белгілі болғандай, бала үш күн бойы ауырған. Ата-анасы үйде өз бетінше емдеуге тырысқан. Баланың магнит жұтып қойғанын білмеген. Қабылдау бөлімінде жүргізілген тексеру кезінде жағдайдың себебі анықталды. Балаға шұғыл ота жасалып, хирургтер оның асқазанынан 25 магнит алып шықты. Магниттер асқазан қабырғасын тесіп үлгерген, - деп атап өтті балалар орталығының баспасөз қызметі.

Бірнеше сағаттан кейін дәл осы кезекшілік кезінде орталыққа екінші бала жеткізілген. Екі жарым жастағы бүлдіршіннің екі күн бойы іші ауырып, қайта-қайта құсқаны белгілі болған.

Кешенді тексеруден өтіп, отаға дайын болғаннан кейін балаға шұғыл түрде ота жасалды. Бұл жолғы жағдай одан да күрделі еді: магниттер ішекке өтіп, оның қабырғасын тесіп кеткен. Соның салдарынан ішперденің жайылған іріңді қабынуы - перитонит дамыған. Хирургтер баланың ағзасынан 9 магнит алып шықты. Бала ауруханада он күн ем алып, дәрігерлердің бақылауында болды, - дейді мамандар. 

Ал үшінші бала сол кезекшіліктің соңына қарай, таңертең жеткізілген. Төрт жасқа толмаған бүлдіршіннің іші қатты ауырып, әлсіреп, құсқан.

Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан бірнеше бөгде зат анықталды. Ал баланың жіңішке ішегінен 59 магнит алынғанда, дәрігерлердің өзі аң-таң болды. Бала медициналық көмекке жүгінгенше магниттер аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген. Бұл тамыздың 1-індегі кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі отаның бірі болды», - деді Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

Дәрігерлер ата-аналарды магнитті шарлар мен басқа да осындай ойыншықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде ұстауға және олардың немен ойнап жатқанын мұқият қадағалауға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 5 жасар бала үш магнит жұтып қойып, асқазанында ауруды асқындырып алғаны хабарланды

Тағы оқи отырыңыз: 

Алматыда 31 магнит жұтып қойған бір жасар балаға шұғыл ота жасалды

Қазақстанда 242 мың баладан профилактикалық тексеруден кейін аурулар анықталды

 

 

 

Наверх