Қауіпсіздік кеңестің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов XII халықаралық кездесуге қатысты

25 Сәуір 2024, 18:30
474
Бөлісу:
Қауіпсіздік кеңестің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов  XII халықаралық кездесуге қатысты
Фото: Ақорда

Санкт-Петербург қаласында қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік ететін жоғары өкілдердің XII халықаралық кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесі ұйымдастырған шарада қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілер, әлемнің 106 елінің құқық қорғау және арнайы органдарының, қорғаныс ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД, АӨСШК, АСЕАН, ЕАЭО, Араб мемлекеттері лигасы сияқты халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері бас қосты.

Пленарлық отырыста полиорталыққа негізделген әлемдік жағдай қалыптастыру және халықаралық қауіпсіздіктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың ажырамас бөлігі саналатын ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар заңсыз көші-қонға қарсы тұру және әскери қақтығыстар, табиғат апаты мен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау салаларындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы өз сөзінде киберқауіпсіздікке төнетін қатердің артқанын, соның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар экстремистік және террористік топтардың негізгі құралының біріне айналғанын атап өтті. Осы орайда Ғизат Нұрдәулетов Халықаралық ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын құру қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте аталған архитектура тең құқылық, сенім, ашықтық қағидаттары негізінде және барлық елдің мүддесін ескере отырып, БҰҰ аясында құрылуға тиіс.

Форум шеңберінде Қазақстан Респубилкасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы бірқатар шетелдік әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, екіжақты ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Өзгелердің жаңалығы