Алматы, BAQ.KZ. Жапонияның оңтүстік-шығысындағы Кагосима қаласының тұрғындарына нөсер жаңбырға байланысты қауіпсіз жерге көшу бұйрығы берілді. Бұл туралы NHK телеарнасы хабарлады.
Кагосима қаласы орналасқан Кюсю аралындағы халықты эвакуациялау жөніндегі бұйрық толассыз жауған жаңбырға байланысты берілген. Бұл табиғи апаттардан көп зардап шегетін аймақтарға жатады.
Бүгін Кагосимада 40 мм аса жаңбыр жауған. Билік нөсер жаңбырдың салдарынан су басу қауіпі болуы мүмкін екендігін ескерткен.
Жапонияның ауа райын болжау агенттігі нөсер жаңбырдың бейсенбі күнге дейін жалғасатынын мәлімдеген. Кюсю аралының кейбір бөлігінде 80 мм дейін жаңбыр жауады деген болжам жасалған.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше бұған дейін Кагосима, Кумамото және Эхимэ қалаларында 850 мың адам ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіз жерге көшірілген.