Қауіпсіз Жаңа жыл. ТЖД тұрғындарға ескерту жасады

28 Желтоқсан 2021, 11:58
1750
Бөлісу:
Қауіпсіз Жаңа жыл. ТЖД тұрғындарға ескерту жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы тұрғындарға мереке қарсаңындағы өрт қауіпсіздік ережелерін ескертті.

Қыс кезінде, мереке кездерінде төтенше жағдайлардың шығу қаупі өте жоғары. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында елордалық ТЖД Полиция департаментімен бірлесіп, профилактикалық іс-шараларды өткізіп жатыр. Оның бірі – «Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы, - деді ТЖД өкілі.

Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың арасында қауіпсіздік мәдениетін насихаттау, өрт қауіпсіздігін сақтауға баулу және ТЖ-лардың алдын алу.

Оның аясында бүгінгі таңда денсаулық сақтау объектілері мен өртке қарсы режимді жоғарылату сұрақтары қаралды. Кәсіпкерлікті қолдау басқармасымен бірлесіп, тамақтану орындары мен кафе, ресторандармен онлайн жиналыс өткізілді. Жаңа жылдық корпоративтерді өткізетін мекемелермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша жадынамалар мен ұсыныс хаттар табысталды, - деп атап өтті Еркін Отарғалымұлы.

Ол өрт қауіпсіздігі ережелеріне мән беру қажеттігін айтты.

- Тұрмыстағы қауіпсіздік ережелерін сақтау;
- Электр қондырғыларды пайдаланған кезде электр желілерге ауыртпашылық түсірмеу;
- Жылыту пештерін шамадан тыс қыздырмау;
- Балаларды қараусыз қалдырмау;
- Мереке күндері мас күйде адамдарды, қонақтарды қалдырмау;
- Төсекте жатып шылым шегуге болмайды;

Шырша мен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде де ТЖД ескертулеріне мән беру қажеттігін еске салды.

- Шыршаны орнатқан кезде тұрақты негізде орнатылуы керек;
- Шырша бөлмеден не ғимараттан шығатын жерге кедергі болмауы қажет;
- Электр гирляндалардың шамдарының кернеуі 12 вольттан аспауы тиіс.

Сөзінше, от шашу кезінде соңы өртке ұласқан жағдайлар тіркелген. Мысалы, 2018 жылы 2, 2018 бір, 2020 жылы 2 жағдай болған.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында үй-жайлардың ішінде ашық оттарды, пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салынады. Балконда тұрып та оларды қолдануға болмайтынын ескертеміз. Сондай-ақ кәмелет жасына толмаған балаларға пиротехникалық бұйымдарды өз бетімен пайдалануға тыйым бар екенін де есте ұстаған абзал, - деп ескертті Еркін Отарғалымұлы брифингте.

 

Өзгелердің жаңалығы