Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, өңірде апат ахуалы тұрақталып, қауіп сейілген.
Ақтөбе өңірінде су тасқыны ахуалы тұрақталды, қауіп сейілді деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі сәтте рекордтық көрсеткіште су қабылдаған су қоймаларындағы ағыс бәсеңдеді. Біз бұрынғы қалыпты өмірімізге оралып жатырмыз. Тек қана Ырғыз ауданы тәуекел аймағында. жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті Торғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен Нұра және Мамыр ауылдарында бөгеттерді нығайту үшін қосымша техникалар жұмылдырды. Бұл аталған елді мекендерді су басудан қорғау мақсатында жасалды, - деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар ол алдағы басты міндетті атады.
Біздің алдымызда тұрған басты міндет - су тасқынының салдарын жою. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек берілуде. Біржолғы әлеуметтік төлемді беру 6 сәуірден басталды. Баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа тұрғын үй салынады. Жапа шеккен мал, бүлінген мүлік, шығындарды есептеп, өтемақы төлейтін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қабылданған 3000-ға жуық өтініштің көп бөлігі қаралып, бағалау жүргізілуде. Кешегіде өткен облыстық мәслихаттың сессиясында су тасқынының салдарын жою үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бекітілді. Бұл қаражат өңір тұрғындарына біржолғы төлем және өтемақы беру үшін жұмсалады, - деді Асхат Шахаров.