ҚазАвтожол республикалық маңызы бар автожолдардағы қазіргі ахуалы жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Абай облысындағы республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автожолының «Қалбатау к.-Көкпекті а.» 906-1002 шақырым аралығында қалың қар жауып, ұйытқый соққан боран салдарынан көрініс шектелді. Осы уақытта 60 автокөліктің жиналуы байқалады.
Жолшылар төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе көліктерді қардан шығарып, жолаушыларды жылы жерге жеткізіп, құтқару жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.
Жолшылардың тоқтаусыз жұмысының арқасында таңертеңнен бері 75 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Эвакуация әлі де жалғасады.
Қазіргі уақытта аталмыш учаскеде жалпы саны 18 арнайы техника мен 36 адам жұмыс істеп жатыр.
Аталған өңірде ауа райы тұрақсыз, аяз күшейіп келеді.