Соңғы ғылыми зерттеу нәтижелеріне байланысты АҚШ-тың бас хирургі алкогольдің қатерлі ісік тудыратынын темекі қорапшаларындағыдай алкогольді сусындардың затбелгісінде ескертуді ұсынды. Мәселенің мән-жайын BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.
Қатерлі ісіктің 7 түрін туғызады
АҚШ-тың бас хирургі Вивек Мерти алкогольді тұтыну қатерлі ісіктің жеті түрімен тікелей байланысты екенін дәлелдейтін зерттеулер нәтижесін ескеруді сұрады. Оның ойынша, алкогольдің қатерлі ісік туғызатыны туралы ескерту темекі қорапшаларындағыдай алкогольді сусындардың затбелгісінде тұруы керек.
Вивек Мерти мәлімдемесінде американдықтардың көпшілігі жыл сайын тек АҚШ-та 100 000 қатерлі ісік ауруын, 20 000 өлімді және 13 500 адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғаларын тудыратын қауіп туралы білмейтінін айтты.
Алкоголь – темекі мен семіздіктен кейінгі қатерлі ісікке әкелетін алдын алуға болатын үшінші себеп. Қатерлі ісіктің кем дегенде 7 түрінде алкогольді тұтыну мен қатерлі ісік қаупі арасындағы тікелей байланыс анықталған... алкогольдің қандай түрі екеніне қарамастан, - деді АҚШ-тың бас хирургі.
Мерти мәлімдемесінде алкоголь сүт безінің, тамақтың, бауырдың, өңештің, ауыз қуысының, көмейдің және тоқ ішектің қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін екені көрсетілген.
Алкоголь қатерлі ісікке қалай әкеледі?
Оны онколог Байдүйсен Үсіпбеков түсіндірді.
Алкогольді ұзақ уақыт, үнемі қолдану ас қорыту жолдарының қатерлі ісігінің дамуына ықпал ететіні дәлелденген. Кез келген алкогольдің құрамында этанол канцерогендері бар. Олар қатерлі жасушалардың өсуіне және көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан алкогольді сусындар қатерлі ісік ауруының даму қаупін арттырады. Яғни алкоголь – ісік дамуының қоздырғышы, - деді маман.
Ол алкоголь ішке ауыз арқылы баратындықтан, ең басты зақымдалатын ағзаларға асқазан, бауыр, ішектермен қатар жұтқыншақ, көмей, өңеш жататынын жеткізді.
Этанол канцерогені алдымен өңеш пен асқазан шырышты қабаттарын зақымдайды. Ары қарай зақымдалған шырышты қабатта эрозия пайда болады. Эрозия асқазан жарасына айналуы мүмкін. Асқазан жарасын емдемеген кезде ол қатерлі ісікке әкеледі, - деді онколог.
Байдүйсен Үсіпбеков этанолдың бауырға әсеріне де тоқталды.
Бауыр – ағзамыздың зертханасы. Ішекке, асқазанға түскен қоректі заттардың барлығы бауыр арқылы өтетіндіктен, этанол бауырға барып, оның жасушаларын зақымдайды. Бауыр жасушалары зақымдалғаннан кейін ол жерде қабыну пайда болады. Одан кейін бауыр жасушаларының жұмысы төмендейді немесе өле бастайды. Соның кесірінен бауыр циррозы деп аталатын ауру туындайды. Бауыр циррозы уақытында емделмесе, бауырдың қатерлі ісігі пайда болуы мүмкін, - деді маман.
Сондай-ақ Байдүйсен Үсіпбеков этанол қанның құрамына көп түскенде, адам ағзасында эстроген гармоны көп бөлінетінін айтты. Оның салдары ерлерде қуықасты безі аденомасына, ал әйелдерде сүт безінің қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін.
Қанның құрамына этанол канцерогені көп түскендіктен, эстроген гармоны көп бөлінеді. Соның кесірінен ағзада гормоналды теңгерімсіздік туады. Ол ерлерде қуықасты безі жасушаларын бұзады. Соның кесірінен қуықасты безі аденомасы пайда болуы мүмкін. Аденома дегеніміз – қатерсіз ісік. Әйел кісілерде де шектен тыс ішімдікті қолданғанда эстроген гормоны көп бөлінеді. Сол себептен сүт безінің қатерлі ісігі туу ықтималдығы жоғарылайды, - деп түсіндірді онколог.