Қасымбек облыстық тамыз конференциясында қандай мәселе талқыланғанын айтты

26 Тамыз 2020, 16:50
1520
Бөлісу:
Қасымбек облыстық тамыз конференциясында қандай мәселе талқыланғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін облыстың білім беру саласында бірнеше маңызды оқиғалар орын алды. Атап айтар болсақ, республикалық конкурстық комиссияның шешімімен және Білім министрінің өкімімен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып Нұрлан Дулатбеков тағайындалды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook-тегі парақшасында жазды. 

Нұрлан Орынбасарұлы осы оқу орнының түлегі, әрі мұнда оқытушы болып еңбек еткен. Оның үлкен басшылық және өмірлік тәжірибесі, сондай-ақ қолға алынатын жаңа ғылыми жұмыстар мен зерттеулер университетті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ал біз өз кезегімізде әрқашанда белсенді ынтымақтастыққа дайынбыз. Сондай-ақ, бүгін жыл сайын облыстың барлық ұстазы бас қосатын тамыз конференциясына қатыстым. Аталған отырыста білім беру үдерісіне енгізілген өзгерістер мен мектептердің алдағы оқу жылына дайындығы талқыланды, - деді ол. 

Биылғы жылы аймағымыздың білім беру саласында біршама жұмыс атқарылды. Атап айтар болсақ, білім беру ұйымдарының барлығы дерлік жөндеу шараларымен қамтылды. Аталған жұмыстарға 17 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

Аймағымызда 15 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына 3 мектеп және үш ауысымды оқытуды жою мақсатында 4 білім ордасы салынуда. Сонымен қатар, 2 балабақша, 2 оқушылар сарайы, мектептердің жанынан 3 қосымша нысан мен колледж студенттеріне арналған 1 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 9 нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа оқу жылына қарай біз облыстың барлық мектебін бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыруды және ауыл мектептеріндегі аулалық дәретханаларды мектеп ғимараттарының ішіне көшіру жұмыстарын аяқтаймыз. Осы жылы қолға алынатын қашықтан оқытудың тиімділігі заманауи компьютерлік техникаға тікелей байланысты. Осы ретте облыс мектептерінің компьютерлік паркін белсенді түрде жаңарту шаралары жүргізілуде. Аз қамтылған отбасылардың оқушылары қажетті техникамен және интернет-байланыспен қамтамасыз етіледі, - деді ол. 

Оқушылардың 70%-ы қашықтан білім алатын болады. Сонымен қатар, мектептерде бастауыш сынып оқушылары үшін 5 мыңға жуық кезекші сынып жұмыс істейді.

Ал шалғайдағы ауылдарда орналасқан 193 шағын жинақты мектеп қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, конференцияға қатысқан спикерлердің балалардың маңызды әлеуметтік дағдыларын дамыту, эмоционалдық ой қабілеті, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеу, ерте кәсіптік бағдар беру бойынша пікірлері мен ұсыныстарын атап өткім келеді. Облыстың білім беру жүйесінде белгіленген шараларды жоспарлау кезінде аталған ұсыныстар ескерілетін болады, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы