Жаһандық геосаяси тұрақсыздық күшейген кезеңде Қазақстанның сыртқы саясаты жаңа мазмұнға ие болуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломатиялық тәжірибесіне сүйенген прагматикалық бағыты елді халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысына ғана емес, кей жағдайда олардың құрылтайшысына айналдырып отыр.
Газа бойынша Бейбітшілік кеңесіне қатысу — Қазақстанның сыртқы саяси мәртебесінің артқанын көрсететін символдық қадам ғана емес, сонымен қатар ұлттық мүдделерді ілгерілетудің нақты тетігі. Бұл формат арқылы Астана АҚШ-пен, Таяу Шығыс елдерімен және басқа да серіктестермен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алуда.
Саясаттанушы Таир Нигмановтың пікірінше, Қазақстан бүгінде халықаралық жүйеде "орта деңгейлі держава" ретінде өз орнын айқын бекітіп келеді. Ал бұл рөл қазіргі әлемдік саясатта барған сайын маңызды бола түсуде.
— Қазақстанның Газа бойынша Бейбітшілік кеңесі ретінде ұсынылып отырған жаңа халықаралық форматқа қатысуының маңызын қалай бағалайсыз? Мұны елдің сыртқы саяси мәртебесінің артуы және кең мағынада Қазақстанның ұлттық мүдделері үшін маңызды қадам деп қарастыруға бола ма?
Қазақстан үшін мұндай бірлестіктің жай ғана қатысушысы емес, құрылтайшы мемлекет болуының практикалық құндылығы неде? Бұл дипломатиялық, экономикалық, қауіпсіздік және имидждік тұрғыдан қандай нақты ұлттық пайда береді?
— Менің ойымша, Қазақстанның мұндай ұйымға қатысуы шынымен де өте маңызды, себебі бұл — елдің сыртқы саяси мәртебесінің нақты артуы. Бір нәрсені анық түсіну керек: өткен жыл және алдағы үш жыл – мәні бойынша, Дональд Трамп дәуірі. АҚШ — әлемдегі ең бай, ең ықпалды әрі ең қуатты держава. Сондықтан АҚШ-тың ішкі және әсіресе сыртқы саясатындағы барлық үдерістер бүкіл әлемге әсер етеді. Осы тұрғыда Қазақстанның АҚШ әкімшілігінің қазіргі бағытын, әрине, біздің ұлттық мүдделерімізге және өзге векторлармен қарым-қатынастарымызға қайшы келмейтін бастамаларын қолдауы — ел үшін аса тиімді. Өйткені АҚШ — әлемдегі басты инвесторлардың бірі. Дональд Трамптың қазіргі бастамаларын прагматикалық тұрғыда қолдау және онымен позитивті қарым-қатынасты нығайту — Қазақстан үшін сөзсіз пайдалы. Біз мұны идеологияға емес, нақты ұлттық мүдделерге сүйеніп әрекет ететін басқа да көшбасшылардың позициясынан көріп отырмыз. Мұндай елдерге Өзбекстанды, Әзербайжанды, қазіргі премьер-министр Никол Пашинян басқарған Арменияны жатқызуға болады. Ал Венгрия премьері Виктор Орбан ЕО бастамаларымен әрдайым сәйкес келе бермесе де, өз бетінше тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бұл көшбасшылардың барлығы прагматизмді бағалайды және осындай форматтарды қолдауының себебі — пайдасының айқын болуы. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан АҚШ-пен сауда және инвестициялық келісімдерді жақсартуға үміт арта алады. Әсіресе тарифтік қысым құралын жиі қолданатын көшбасшы екенін ескерсек, мұндай жақсы қарым-қатынастар болашақта Қазақстанға қарсы тарифтік шектеулердің немесе тіпті санкциялардың енгізілу тәуекелін азайтады. Сонымен қатар бұл келіссөздер барысында инвестицияны неге дәл Қазақстанға салу керек екенін дәлелдеуде біздің позициямызды күшейтеді.
— Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің өзі жаңа халықаралық құрылым ретінде қандай форматта қалыптасып отыр деп ойлайсыз? Бұл Қазақстан үшін жай ғана имидждік қатысу емес, мүдделерді жүйелі түрде ілгерілету алаңына айнала ала ма?
— Бұл форматтың логикасы түсінікті. Біріншіден, Дональд Трамп БҰҰ мен өзге де дәстүрлі халықаралық ұйымдарға сенімсіздікпен қарайды. Екіншіден, ол халықаралық процестерді барынша жеке бақылауында ұстауға тырысады. Қазақстан осы геосаяси конъюнктураға бейімделіп отыр. Қазақстан Таяу Шығыстағы бейбітшілікке мүдделі, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуді қолдайды, соның ішінде Палестина мен Израиль арасындағы мәселеде де. Ал бұл өңірде АҚШ-тың рөлі айрықша екенін ескерсек — Израиль үшін де, Сауд Арабиясы мен БАӘ секілді Араб түбегі елдері үшін де негізгі стратегиялық әрі әскери серіктес — АҚШ. Сондықтан АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту Қазақстанның өңірдегі бейбіт бастамаларын ілгерілетуіне оң әсер етеді.
— Сіздің ойыңызша, неліктен құрылтайшы ел ретінде дәл Қазақстан таңдалды? Бұл географиялық фактор ма, дипломатиялық бедел ме, көпвекторлы саясат моделі ме, әлде бейтарап келіссөз ұстанымы ма?
Сонымен қатар Қазақстанды «болжамды серіктес» ретінде қабылдау осы таңдауда маңызды рөл атқарды деп айтуға бола ма?
— Менің ойымша, Дональд Трамп ұсыныстарды өзі жақсы қарым-қатынаста болған көптеген көшбасшыларға жолдаған. Қазақстан — сол критерийге толық сәйкес келетін ел. Өткен жылы АҚШ-қа екі рет жоғары деңгейдегі сапар болды. Екінші сапар C5+1 саммитімен тұспа-тұс келіп, өте сәтті өтті. Бұл жақсы қарым-қатынастың нақты белгілерін біз символикалық деңгейде де көрдік. Ақ үй, бейсболкалар секілді сыйлықтар - мұның бәрі Қазақстанның осы форматқа шақырылуына әсер етті. Ең бастысы — Қазақстанның сыртқы саясаты түсінікті әрі болжамды. Бұл тек АҚШ үшін емес, барлық мемлекеттер үшін маңызды. Көптеген қақтығыстардың түпкі себебі — сенім мен болжамдылықтың жетіспеуі. Ал Қазақстанды бұл тұрғыда кінәлау қиын. Біздің саясатымыз кез келген серіктеске ашық әрі айқын.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке факторы мен оның дипломатиялық тәжірибесі Қазақстанның осындай бастамаларға лайықты қатысушы ретінде қабылдануына қаншалықты әсер етті?
Жалпы, бүгінгі әлемдік саясатта персоналдық дипломатия қайтадан негізгі құралға айналып келе жатыр деп айтуға бола ма?
— Әрине, Президент Тоқаев сияқты тәжірибелі дипломаттың рөлі өте зор. Дональд Трамп жеке қарым-қатынасқа, тікелей байланысқа үлкен мән береді. Ол көшбасшылар арасындағы сенім нақты процестерге оң ықпал етеді деп санайды. Осы тұрғыда Президент Тоқаев Трамп әкімшілігіне «кілтін» таба білді. Құжаттарға қол қою сәті, Ақ үйдегі бейресми әңгімелер — мұның бәрі сыртқы істер қызметінің жүйелі жұмысымен бірге оң нәтиже берді. Персоналдық дипломатияның жаһандық трендке айналуына келсек, бұл — нақты бір әкімшіліктің ерекшелігі. Ал Орталық Азия мен посткеңестік кеңістікте жеке қарым-қатынастар әлі де маңызды рөл атқарады. Бұл аймақта мемлекет басшылары арасындағы салқындықтың қақтығыстарға алып келген мысалдары жеткілікті.
— Мұны Қазақстанның “middle powers” — орта деңгейлі державалар арасындағы позициясының күшеюі деп бағалауға бола ма?
Бұл мәртебені растайтын қандай белгілер бар: коалиция құру қабілеті, бастамалардың құрылтайшысы болу, келіссөз алаңдарын ұсыну?
— Иә, толық негіз бар. Бұл Кеңестің өзі орта деңгейлі державаларға сүйеніп құрылған. АҚШ, Ресей, Қытай немесе Еуропа елдері жеке-дара барлық жаһандық проблемаларды шеше алмайды — бұл факт. Сондықтан олар “middle powers” деп аталатын елдердің қолдауына мұқтаж. Бұл жерде Венгрия, Пәкістан секілді елдердің мысалын көреміз. Менің ойымша, Пәкістан — орта деңгейлі державаның классикалық үлгісі. Кез келген жағдайда аймақтық, жаһандық және басқа да қақтығыстарды шешу үшін олардың қолдауын тарту қажет.