Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанды қабылдады.
Елімізге ресми сапармен келген Виктор Орбанды Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейде қарсы алды. Президент Ақордаға кірген премьер-министрді Үкімет мүшелерімен таныстырып, өзі де шетелдік министрлермен қол алысты.
Қос мемлекеттің əнұраны орындалғаннан кейін Қазақстан басшысы мен Мажарстан премьері салтанатты сап бойын жағалай, қызыл кілеммен жүріп өтті. Қарсы алу рəсімінен кейін Тоқаев пен Орбан шағын құрамда кездесуге кетті.
Атап өтсек, кеше Қазақстанның Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан инвестициялық ынтымақтастықты нығайту келешегін талқылаған болатын.
Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, екіжақты тауар айналымының көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, дәстүрлі және баламалы энергетика, атом өнеркәсібі және ғылым, қорғаныс-өнеркәсібі кешені, авиация, ауыл шаруашылығы, қазақстандық экологиялық таза өнімді экспорттау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету перспективалары қаралды.