Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына орай жолдаған шақыруын қабыл алғаны үшін «Әл-Азһар» ислам университетінің Жоғарғы имамы, шейх Ахмад ат-Тайебке ризашылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорадның ресми сайты жазды.
Біз өзіңіз басқаратын «Әл-Азһар» университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының бүгінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын «Әл-Азһар» университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар «Әл-Азһардың» Қазақстанда ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті.
![Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамымен кездесті](/userfiles/images/%D1%82%D0%B0%D0%B9%D0%B5%D0%B11.jpg)
Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады. Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге ыстық ықыласқа толы сәлемін жолдады.
Өз кезегінде «Әл-Азһардың» Жоғарғы имамы Мемлекет басшысына Мысыр Президентінің жүрекжарды сәлемін жеткізді.