Қасіретті қаңтар. Интернетсіз Қазақстан. Халықты ақпараттандыру қалай жүрді?

26 Ақпан 2022, 11:19
3245
Бөлісу:
Қасіретті қаңтар. Интернетсіз Қазақстан. Халықты ақпараттандыру қалай жүрді?
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл қаңтардағы халық наразылығы жаппай лаңкестік пен террористік әрекеттерге ұласты.

Сол уақытта антитерорлық операцияға байланысты уақытша интернет желісі бұғатталған болатын. Дегенмен байланыстың жоғына қарамастан мемлекеттік БАҚ-тағы сайттар мен телеарналар өз жұмыстарын жалғастырып, халықты ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. 

Интернетсіз Қазақстан: Бәрі қалай басталды?

5 қаңтар күні Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайда байланысты мәлімдеме жасады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздіктеріне ермей, парасатпен және ақылмен шешім қабылдауға шақырды. 

6 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайдың өршуіне байланысты бүкіл Қазақстан аймағына төтенше жағдай режимін енгізді. 

Сондай-ақ мұндай режим 19 қаңтар түңгі сағат 00:00-ге дейін жалғасатынын айтты. 

Бүкіл Қазақстан бойынша интернет өшірілді. Интернеттің болмауынан бірқатар телеарна хабар таратуды тоқтатты. 

Алматыда лаңкестер «Мир» телеардиосынының кеңсесін талқандады. КТК телеарнасы Алматыдағы офисі талқандалғаннан кейін барлық эфирлер тоқтады. 

Халықты ақпараттандыру қалай жүрді?

Интернеттің жоқтығына қарамастан Алматыдағы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Жазира Оразқызы қасіретті кезеңдегі жұмыс кезін осылай сипаттады. 

Алматы трагедиясының ауыр күндері туралы қазір айту оңай шығар?! Сол күндер қорқынышты түстей сезілді бізге. 60 жылдық қазақ телевизиясының тарихы, өшпес ізі жатқан қара шаңырақ – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы ғимаратының қиратылып, өртелгені, тіпті, ауыр соққы болды. Бүлікшілер бүкіл камераны қолды қылып, телестудияларды өртеп, тас-талқанын шығарды. Тек 1 камераны алып қашып, сақтап қалдық. Десе де, біз еш қаймықпай, қиындықтарға қарамастан, негізгі міндетіміз – ақпарат таратуды бір күн де, бір сәтке де тоқтатпадық. Сағат сайын Алматыдағы соңғы ахуалды қандай тәсілмен болсын, жеткізіп отырдық, - деді журналист. 

5 қаңтарда Алматының орталық алаңына халық көптеп жинала бастаған. Сол кезеңде Ұлттық арна тілшілерінің эфиріне бірнеше рет кедергі жасалған. Режиссер мен телеоператарлар алаңдағы адамдарды барынша сабырға шақырып, жұмыстарын жалғастырған. Алайда сол күні түстен кейін жағдай ушыға бастаған. БАҚ өкілдері камераларды ғимарат аумағына кіргізіп, іштен шығуға тура келген. Сондай-ақ қала ішін аралап қажет дейтін түсірілімдерді жасап, кешқұрым қарай ұялы телефондары арқылы ақпарат таратқан. 

Өміріміз үшін қорқыныш пен қауіп болғаны рас. Жүрек түкпірінде үрей де болды. Ертеңіміз не болады деген алаңдаушылық та бар. Оны несін жасырамыз? Ғимаратымыз Орталық алаң маңында тұрғандықтан, өртенген, қираған нысандарды көп көрдік. Адам мүрдесі де жатты. Таңғы 5-6-да жұмысқа жету де оңай болған жоқ. Әйел адамсың, кейде жүрекке жақын қабылдайсың. Бірақ журналистикада ер немесе әйел деп бөлінбейді. Сондықтан қорқынышқа қарамастан, жұмыс істедік, - деп еске алды «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының журналисі Жазира Оразқызы.

Контртерролық іс-шараламен қатысты интернет шектелді. Көптеген жұмыс салаларының қызметкерлері жаңашылдыққа икемделуге тура келді.

ҚазАқпарат тілшісі Есімжан Нақтыбай Қасіретті қаңтарда алғаш рет халықаралық деңгейдегі мәртебеге ие болған жетекші мемлекеттік ақпарат агенттігінің қалай ақпарат таратқаны жөнінде айтып берді. 

Бейбіт шеру бейберекет жағдайға ұласқан кезде расымен де интернет пен ұялы байланыс әлсіреді. Соған қарамастан, бүкіл ұжым кеңсеге жиналып, шамамызша ақпарат таратуға тырыстық. Интернет пен ұялы байланыс болмаған кездегі аға буынның күрделі сәттерде қалай жұмыс істегенін өз болмысымызбен сезіндік. Негізгі дереккөздер мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі болды. Ұялы байланыс сыр берген сәттерде кәдімгі SMS арқылы сұрақ жолдап, жауап алып отырдық. Кейбір әріптестеріміз мемлекеттік органдарға тікелей барып, қажетті мамандармен шұғыл сұхбаттар жасады, - деді Халықаралық агенттік тілшісі.

Шұғыл ақпараттарды жеткізу үшін ұжым тілшілері «Хабар 24» арнасының жаңалықтарын үзбей қарап, ақпарат уақытылы жеткізіп отырған. Өйткені сағат сайын зардап шеккен нысандар мен азаматтар саны өзгеріп отырған. 

Журналист эмоциядан тыс жұмыс істеуі керек деген талап бар ғой. Сондықтан іштегінің бәрін ысырып қойып, тексерілген ақпаратты ғана беру керек деген ұстаныммен жұмыс істедік. Жалпы сол күндерді бейжай өткерген бір де бір қазақстандық жоқ шығар деп ойлаймын, - деді Есімжан Нақтыбай.

Мемлекеттік органдар мен БАҚ қарым-қатынасын байланыстыратын мемлекеттік инфокоммуникациялық алаң ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» төтенше жағдай кезінде кедергілеге қарамастан халыққа қажет маңызды ақпараттарды журналистерге таратты. 

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ресми ақпаратты ел ішінде тарату мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Қаңтар оқиғасы кезінде журналистермен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста болып, брифингтер ұйымдастырып тұрдық. Мүмкіндігінше толыққанды ақпаратпен бөлісіп отырдық. Эфир әдеттегідей Хабар 24 телеарнасында көрсетілді. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп кәміл сенемін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы Арнұр Шакерханов. 

Интернет болмаса да, қажет қосымша қолжетімді болды

8 қаңтарда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 

Халық Хоумбанк пен Каспидің төлем сервистерін қолдануға берілді. Басқа да банктерді қосу жұмысы атқарылып жатқанын хабарлады. 

Бірқатар ақпараттық ресурс жұмыс істеп тұрды: tengrinews.kz, inform.kz, baq.kz, 24.kz, stopfake.kz, qazaqstan.kz және т.б. 

akorda.kz сайты офлайн тәртіпте қолжетімді болды. 

Бүгін басқа да аса қажетті сервистерді іске қосу мәселесі шешіледі. Жұмыстар біртіндеп жүзеге асуда, әр ресурсты жеке-жеке қарастырып, арам пиғылдылардың пайдаланбауын қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Егер қандай да бір сервисті қосу бойынша ұсыныстар болса, пікір қалдырыңыздар, - деп хабарлады министр Facebook парақшасында. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес, бірінші: интернет өшірілгендіктен, адамдар дыбыс және смс трафигін пайдаланғандықтан, барлық абоненттерге тегін 200 смс пен 300 минут берілді. 

Екінші: зардап шеккендер мен із-түссіз жоғалғандарды іздеу бойынша 1414 колл-орталығы негізінде тікелей желіні ұйымдастырдық. 

Үшінші: байланыс операторларымен тығыз жұмыс істеудің арқасында азаматтарға SMS арқылы хабарландырулар мен жаңалықтар жолдануда.

«Лаңкестікке қарсы бірігейік» сайты іске қосылды 

Елдегі болған жағдай кезінде түсіріліп алынған жазбаларды жасырын жүктейтін сайт пайда болды

Бас прокуратура Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, stopterrorism.kz сайтын іске қосты. 

Бұл сайтқа азаматтар биылғы жылы орын алған лаңкестік әрекеттер мен тәртіпсіздіктер туралы видео, фото және аудио жазбаларды жасырын түрде жүктей алады. Қазіргі уақытта прокурорлар айғақтарды жинап, бекітуде, сондай-ақ бейнежазбалардан қылмыскерлерді анықтауда.

Құқық қорғаушы, азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина өз парақшасында қанды қаңтар оқиғасынан кейін еріктілер із-түзсіз жоғалғандарды, жараланғандарды және қаза тапқандарды іздеу үшін бірыңғай базаны іске қосқанын хабарлады. 

Бастама бастапқыда әлеуметтік желілердегі парақшаларда қолға алынды.

9 ақпанда Qantar2022 веб-сайты іске қосылды.

Qantar2022 еріктілері қаңтар айында оннан астам азаматқа көмектескенін, бүкіл ел бойынша қанды қаңтар оқиғасы құрбандарының бірыңғай дерекқорын жасағанын және қаза тапқан, жараланған және ұсталғандардың нақты санын жария ету үшін күресіп жатқанын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы